Жамбыл облысында 10 жасар асыранды бала «зорлық-зомбылыққа шыдамай екінші қабаттан секіріп қашты» деген ақпарат коғамдық резонанс тудырды. Бұл желіде Қаратау қаласындағы отбасы асырап алған ағайынды балаларға «жарытып ас бермей, сыртқа шығарудан бас тартып бөлмеге қамап ұстанған» деген ақпарат тарағаннан кейін шыққан. Ал, кейін жеткіншек жоғалды деді, жарты тәулік өткен соң табылды деді полицейлер. Мәселенің мән-жайын аймақтағы Almaty.tv тілшісі Мерей Бает анықтап көрді.
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен Рихтерлер әулеті мына екі қабатты үйдің жоғарғы қабатында тұрады екен. 10 жасар баласының әкесінің сөзінше Данил таңғы сағат 07.00 шамасында терезеден мына көшеден ары-бері өткен көліктерге қызығып қарап отырып, байқаусызда құлап кеткен екен. Дегенмен көршілері бұл пікірге мүлдем сенгісі келмейді. Себебі айына 1 рет көретін баласына, асырап алған ата-анасы зарлық-зомбылық көрсетіп бөлмеден шығармайтын көрінеді. Сондықтан шыдамай терезеден өзі секіріп, қашты деген байламға келіп отыр. Ал, жоғалған баланы мына үйдің тұрғыны 11 сағаттан кейін ауласына көкөніс алуға келген кезінде байқаған. Сөйтіп құзырлыларды шақырыпты.
«Бұрыш алуға келсем, мына сатының түбінде бала отыр. Ей, неге отырсың деген ем. «Я русский» деп жауап берді. Іш киіммен отыр. Қарны ашқан-ау дедім. Қызанақ алып жепті», – деді қаратау қаласының тұрғыны Төлеген Әлішериев.
Жеткіншектің күні бойы жол бойында өзін іздеген еріктілерге неліктен жауап қатпағаны белгісіз. Сонымен қатар, қолы мен жамбас сүйегі сынған күйде сағат 18.00-ге дейін отырған. Бұл жағдай да көршілерінің күдігін күшейтіп отыр.
«Шадамы біткен бала ғой. Бостандық керек қой ол балаға да. Емін-еркін ойнап балалармен. Шығармайды мүлдем. Біз көрмейміз баланы. Кешке зеңбілге салып алып бара жатқанда көрдік. Арық қой тегі», – деді көршісі Рузиля Үсіпәлиева.
Валерий Рихтер бала тәрбиесіне қатаң қарайтынын мойындап отыр. Баласының іздегендерге жауап қатпауын ұрыс естіп қалам ба де қорыққаннан шығар дейді. Ал, отбасына қатысты айтылып жатқан сөздерді қаңқу сөзге теңеді.
«Екі тәулік бойы табылмай далада жатып қалды деген өтірік. Тіпті бір күн де өткен жоқ. Оқиға таңғы жетілерде болса, түстен кейін 4-терде тауып ауруханаға жеткізілді. Әлеуметті желіде жарияланған жазбадағыдай жауыз адам емеспіз. Төбеде Құдай көріп түрғой. Жалған сөйлегендерді жауапққа тарту үшін құзырлы органдарға жүгінемін», – деді әкесі Валерий Рихтер.
Қазір Данил облыстық ауруханада жатыр. Осында ота үшін жеткізіліпті.
«Балаға жоғары мамандандырылған көмек қажет болды. Сол себепті балаға, орта жілік сүйегіне ота жасалынды. Отағ Аллаға шүкір, сәтті өтті. Баланың қазір жағдайы орташа ауырлықта. Травматология ортопедия бөлімінде жатыр», – деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сатжанов.
Қазір аталған іске байланысты тергеу жұмыстары басталған. Ал, қамқорлық кеңесі бірер күнде шешім шығарса 10 жасар Данил мен оның қамқорлыққа алынған тағы екі әпкесі арнайы орталыққа жіберілуі мүмкін. Енді жеткіншектердің Рихтерлер әулетінде қалу-қалмайтынын сот шешетін болады.
Мерей Бает Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан