Алматының Наурызбай ауданында құрылған «Ана тілегі» қоғамдық қоры биыл 3 мың азық-түлік себетін және 600 адамға киім-кешек таратты. Одан бөлек, 95 адамға курс өткізіп, 4 мың тұрғынға құжат тапсырып көмектесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл туралы аудандық «Бақытты отбасы» орталығында өткен жиында белгілі болды. Онда қоғамдық қордың жылдық есебі беріліп, іс-шара жаңа жылдық концертпен жалғасты.
«Наурызбай ауданының әкімдігі бізге қолдау көрсетіп отыр. Бүгінгі іс-шарада «Наурызбай ауданы» деген әннің тұсаукесері болмақ. Тағы бір жақсы жаңалығымыз, әкімдіктің қолдауымен балаларға жаңажылдық сыйлықтар тарату басталды», – деді «Ана тілегі» қоғамдық қорының директоры Әсем Жолдасбекова.
«Ана тілегі» қоғамдық қоры көпбалалы және жалғызбасты аналарға әлеуметтік көмектен бөлек, үйірмелер ашу арқылы олардың білімі мен біліктілігін арттырып жатыр. Іс-шарада дәл сол үйірме түлектерімен қатар, еңбек сіңірген қызметкерлер марапатталды.
«Қазір үй жағдайында баламен отырмын. Енді косметология мамандығы бойынша жұмысқа шықсам деймін. Сертификатымды қолыма алдым. Алғысым шексіз», – деді көпбалалы ана Жазира Әбжапарова.