Медеу ауданында 1 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

18.03.2022 в 01:57

Ол үшін әкімдік үшін ай сайын тұрақты түрде бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізбек

Almaty.tv

Медеу ауданы әкімдігі жыл соңына дейін мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Ол үшін ай сайын тұрақты түрде бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінгі шараның Әділет департаментіне қарасты мекемеде өтуі де тегін емес. Себебі мұнда күн сайын 500-ден астам қала тұрғыны әлеуметтік мәселесін қаузап келеді екен. Олардың көпшілігі екі қолға бір күрек таппай жүргендер мен алимент төлеушілер. 

«Аталған жәрмеңкеге ауданның 30-дан астам ірі және орта кәсіпорындары 500-ден астам жұмыс орындарын ұсынып отыр. Енді осындай шараны әр ай сайын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Медеу ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Сәкен Аралбаев.

Жұмыс берушілерден бөлек түрлі әлеуметтік орталық өкілдері де шараға қатысты. Олардың басты мақсаты – жұмыссыз жүргендерге бағыт көрсетіп, арнайы курстарды оқыту.

«Біздің мекеме қарапайым оқыту орталығы секілді. Яғни, қазіргі сұранысқа ие аспаз, наубайхана саласында мамандар даярлап, түрлі қонақ үйлер мен мейрамханаларға жібереміз. Соның арқасында бүгінде бізден үйреніп шыққан 18 адам жұмысқа тұрды», - деді Rahym әлеуметтік орталығының жетекшісі Бибінұр Шералиева.