Алматыда мониторинг топтар карантин талаптарын бұзған нысандарға айыппұл салды

07.03.2021 01:57

Әуезов ауданында жылбасынан бері 1193 нысан анықталып, 104-не айыппұл салынған

Алматыда карантин талаптары қайта күшейтілетін болды. Қаланың Бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес бұқаралық іс-шаралар, форумдар мен конференцияларға тыйым салынып, ойын-сауық орталықтарының жұмысы шектелмек. Себебі вирус жұқтырғандар саны артып, бір түнде короновирус пен пневмониядан 10 адам көз жұмған. Өткен тәулікте елімізде 832 адамнан вирус анықталса оның 135-і Алматыда тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ауру немесе жақын байланыста болған адамдар үйінде отырмайды. Ол ауру жұқтырушы және де вирус тасымалдаушы деп айтуға болады. Бірақ біз өткенде 1 аптаның ішінде ғана 32 үй ошағын араладық. Бірақ осы науқастар үйде болған жоқ»,– деді Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.

Бүгінде күндіз де түнде де рейд жұмыстары жүргізіліп, карантин талаптарын сақтамаған кәсіпкерлік нысандарға айыппұл салынды. Мәселен, Жетісу аудандық мониторингтік тобы қызмет көрсетуге рұқсат етілмеген бильярд және компьютер клубын ұсталды. Мұнда келгендердің көпшілігі бетперде де кимеген.

«Жыл басынан бері 5 заңды тұлғаға және 85 жеке тұлғаға айыппұл салынды. Рейд жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Қазіргі таңда демалысқа қармастан күндіз де, түнде де біздің ауданның тексеруші топтары барлық кәсіпкерлік нысанды бақылауда ұстап отыр»,– деді Жетісу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Ерасыл Болат.

Одан бөлек рейд жұмыстарын күнделікті жүргізетін Әуезов ауданының тексеруші тобы да жұмысына тыйым салынған караоке орталығын әшкереледі. Келушілердің көп болғаны сондай, барлық бөлме бос болмады. Бұл нысан осыған дейін де бірнеше мәрте ереже бұзған үшін соттың шешімімен мүлде жабылған екен. Ал, жұмысын тастап қашып кеткен караоке әкімшісі сол күйі келмеді. Бірақ келген қонақтардың бірі мониторингтік топқа қарсылық көрсеткені үшін хаттама толтырды.

«Қазіргі таңда Әуезов аудандық мониторингтік тобы өз жұмысын атқарып жатыр. Өздеріңіз білетіндей соңғы күнде ауру деңгейі өршігіп жатыр. Сол себепті ауданымызда тексеріс күшейтіліп жатыр. 2 топ күндіз, 2 топ түнде жұмыстарын атқарады»,– деді Әуезов аудандық әкім аппаратының кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишәріпов.

Әуезов ауданында жылбасынан бері  1193 нысан анықталып, 104-не айыппұл салынған. Соның 69-ы заңды болса, 35-і жеке тұлға. Ал, дәрігерлер адамдарға карантин талаптарын сақтап, адам көп шоғырланатын жерге бармауларын ескертіп жатыр. Әсіресе мереке күндері сақ болғандары абзал дейді.

МЕРЕЙ ҚАНАПИЯНОВ, ЯЛКУНЖАН АШЫМЖАНОВ АТ.