Қаладағы шағын және орта бизнес өкілдері әлі де болса карантин талаптарына салғырт қарайды
Қаладағы шағын және орта бизнес өкілдері әлі де болса карантин талаптарына салғырт қарайды. Мұндай жағдайлар Бостандық ауданының санитар мамандары жүргізген рейд кезінде анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қауіпті індет жұқтырғандардың күн санап артуына бірден-бір себеп те осы дейді мамандар. Тосыннан болған тексерісті күтпеген дүкен қызметкерлерінің бірі абдырап қалса, енді бірі тіпті есіктен кіргізбеймін деп қорқытты. Рейд нәтижесінде аудандағы қанша дүкеннің есігіне құлып салынды.
Қалада төтенше жағдай аяқтала сала жұмысын жалғастырған дәмханада санитарлық талап сақталған деп айту қиын. Даяшылар бетперде мен арнайы қолғап киіп жүрсе де, мамандар бірқатар кемшілікті анықтады. Тепловизор бар, бірақ клиенттердің дене қызуын өлшеп кіргізіп жатқан ешкім жоқ. Арнайы журнал да 7 маусымнан бері толтырылмапты.
Рейдтік топ тексерген келесі нысан – тұрмысқа қажетті жабдықтар сататын дүкен. Аумағы шағын болса да, сақталмаған талап көп. Тұтынушыларға арналған антисептік атымен жоқ, тепловизорды мүлде көз шалмады. Қызметкерлердің дене қызуын өлшейтін журналды ашылмаған. Дүкен әкімшісі: «Олардың керегі қанша, бастысы маскамыз бар ғой», – деп тексеру тобын таңқалдырды.
Дөрекі қателіктерді байқаған тексеру қызметкерлері дүкен есігіне құлып салды. Енді оның талаптарды толықтай орындамайынша, жұмыс істеуіне рұқсат жоқ.
Азық-түлік сататын мына дүкеннің күзетшілері тексеру тобын көргені сол еді тұтынушыларды тәртіпке шақыра бастады.
Карантин кезінде жұмыс жасап істеп жатқан дүкеннің талаптары негізгі алгоритмдерге сай келмейді. Тұтынушылардың арақашықтығы неге сақталмайды деген сұрағымызға бар кінәні тұрғындардың өзіне жаба салды.
«Бізде көптеген нысандарда санитарлық-эпидимиологиялық талаптарды сақтауға жауапты маман тағайындамайды. Карантин кезінде санитарлық-эпидимиологиялық талаптарды сақтағанға жауапты қызметкер бөлінуі тиіс және сол кісі басқа қызметкерлердің санитарлық талаптардың сақталуын қатаң қадағалауы тиіс», – деді Бостандық ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Ахметов.
Қалалық санитар мамандарының айтуынша, ірі-сауда орындарында карантиндік талаптар сақталады да, ал, шағын дүкендер оны елегісі жоқ. Бүгінге дейін Бостандық ауданында 350-ден астам шағын және орта бизнес нысанына тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде оның жартысына жуығы жабылып тынды. Наурызбай ауданындағы рейд жұмыстарымен әріптесім Жадыра Омаржан танысқан еді. Жадыра сөз кезегі өзіңде.
Наурызбай ауданында мобильді топ 5 нысанды тексерді. Оның қатарында мемлекеттік балабақша, қоғамдық тамақтану орны, азық-түлік дүкендері және шағын шаштараз бар. Ал кәсіпкерлер қанша ескертілсе де, қарапайым ережелерді орындамай келеді, деп хабарлайды.
Бұл аудандағы аты көпке таныс, ақысы қалтаға қонымды қоғамдық тамақтану орны. Содан болар, келушілер саны сейілген емес. Әсіресе, түскі ас кезінде зал іші толы. Келген бойда мониторинг тобы өрескел кемшіліктерді көрді. Мұнда дене қызуын өлшейтін термометр атымен жоқ. Келушілердің қандай жағдайда отырғаны белгісіз. Ал антисептик күмән туғызды.
Ақша есептеп отырған әкімшіден бастап ас әкеліп беретін даяшыға дейін медициналық қолғапсыз жүр. Одан кейінгі қателік лағманханада үстелдер арасында арақашықтық сақталмаған. Халық бір-біріне жақын отыр.
Мамандар лағманханадағы санитарлық ережелердің сақталмағанын айтып, нысан олқылықты түзегенше уақытша жабылуы керек деп отыр. Тек тексерушілер түскі ас кезіне түскендіктен, халыққа түсіністікпен қарады. Енді мұнда жаңадан тапсырыстар қабылданбайды. Кісі аяғы тарқаған соң нысан уақытша жабылады.
Кейін тексерушілер азық-түлік дүкеніне барды. Ондағы сатушы алдағы 5 күнге алған маска мен медициналық қолғаптың қорын көрсете алмады. Ал қолданыстағы антисептик жұмыс күні аяқталмай жатып, бітіп қалыпты.
Ал мына аядай бөлмеден ашылған шаштаразда бір мезетте 7 адам отыр. Бірі шашын, ал енді бірі тырнағын сәндеуге асық. Сұлулықтан денсаулықты маңызды көретін мамандар нысанды жабуға тура келді. Өйткені онда келушілердің дене қызуын өлшейтін тепловизор, ауаны желдеткіш құрылғы қойылмаған.
Төтенше жағдай аяқталғаннан бері наурызбайлық мобильді топ 250-ге жуық нысанды тексерген. Оның бесеуіне айыппұл салынса, төртеуі жабылыпты. Ал, мұндай рейд күн сайын жалғаса бермек.
Ұлағат Арғын, Жадыра Омаржан, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы