|
04.07.2020 | 20:58
22370

Алматының Алмалы ауданында жаңа «Скейт алаңы» ашылды

Бүгін заманауи үлгідегі спорт алаңы халық игілігіне берілді

Алматының Алмалы ауданында жаңа «Скейт алаңы» ашылды akt.gov.kz

Алматының Алмалы ауданында жаңа «Скейт алаңы» ашылды. «Бюджетке қатысу» жобасы аясында пайдалануға берілген нысанның құрылысына 24 млн теңге жұмсалыпты. 2 айдың ішінде тұрғызылған «Скейт саябағы» аумағында сондай-ақ, воркаут алаңы салынды. Бұл орын 15 көше жарығымен, 10 орындықпен және бірнеше қоқыс жәшіктерімен жабдықталған. Бүгін заманауи үлгідегі спорт алаңы халық игілігіне берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмалы ауданында орын тепкен жаңа «Скейт парк» 1250 шаршы метрді қамтиды. Мұнда орналасқан 10 элементте 8 жастан асқан балалар түрлі трюктер жасауға мүмкіндік алады. Осылайша, олар алысқа бармай-ақ, үйінің маңында орналасқан Скейт паркте спортпен шұғылдана алады.

Былтыр Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес, «Бюджетке қатысу» жобасы іске асқан болатын. Алмалы ауданы бойынша халық тарапынан 84 ұсыныс түссе, оның ішінде ең көп дауыс жинаған 15 жоба бүгінде жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі - бүгін пайдалануға берілген – «Скейт саябағы».

«2 ай бұрын мына жерді көрсеңіз, бұл жер қоқыс алаңына айналып, дұрыс емес орын болатын.  Ұсынысты екі айдың ішінде бітіріп отырмыз. Халықтың өзімен ақылдасып, проектты солармен бірге ойластырып, келісіп, бүгін міне, іске асып отыр», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Бекқали Торғаев

Тағы бір айта кететіні, бұл «Скейт саябағында» атлеттер жарыс ұйымдастыра алады. Бұл аймақтың ерекшелігі де сол - мұнда қойылған барлық элемент-жабдықтар сайыс ұйымдастыруға ыңғайланып жасалған.

«Бұл алаң экстремалды роликтік спорт түрлеріне арналған. Мұнда атлеттер велосипедпен, самокатпен, роликпен сырғанай алады. Жобаны жасар алдында олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен мұнда жастарды дайындауға болатындай етіп жасадық», – деді Қазақстан скейтбординг федерациясының вице-президенті Андрей Журавлев

Алмалы ауданының тұрғыны Нэлли Владиславқызының мұнда тұрып жатқанына 1 жыл болыпты. Құрылысы 2 айдай жүргізілген жаңа нысанның бүгінде жастар игілігіне берілгеніне ол шексіз риза.  

«Осы маңайдан өткен сайын қаңырап бос жатқан жер қашан жөнге келеді екен деп ойлайтынмын. Міне көп болған жоқ, мұнда құрылыс басталып, осындай жастарға арналған алаң салынды. Аймақ тазартылды, гүлденді. Сондай қуаныштымыз», – деді Алматы қаласының тұрғыны Нэлли Тэн

«Самокат, скейтборд, велосипедпен сырғанайтындар, мейлі жастар болсын, ересектер болсын, көп жағдайда сырғанауға тыйым салынған жерлерде сырғанайды. Бұл өте қауіпті, көлік қағып кетуі мүмкін, тұрғындар арасында түсініспеушілік туындауы мүмкін. Мына алаң өте ыңғайлы болды. Сырғанауға арналғандықтан, әр элементтің иірімдері, әр құрылыстың қалқасы жақсы салынған», – деді  Алматы қаласының тұрғыны Артур Николаев

Тұрғындар бұл аймақ күнделікті таңертең тазартылады, гүлдері суарылады дейді. Аулаға шығып серуендеудің өзі аудан халқы үшін үлкен қуанышқа айналған секілді.

«Бұл алаңда балалар сырғанап, денелерін шынықтыруға мүмкіндік алса, ата-аналар мына воркаут алаңында жаттығу жасай алады немесе ыңғайлы орналасқан орындықтарға жайғасып, демалады. Не болмаса шағын өзеннің жағасында серуендеуге шығады», – деді  Алматы қаласының тұрғыны Гүлнәр Құлмұрзиева

Жалпы Алмалы ауданы бойынша «Бюджетке қатысу» жобасы шеңберінде бүгінде 15 жоба жасалып жатыр. Оның 5-еуі өз аулаларына ойын және спорт алаңындарын орнатып беруді сұраған тұрғындардың өтініші. Тағы 6 жоба бойынша жерасты өткелінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған электр көтергіштері орнатылуда. Розыбакиев пен Жамбыл көшесіндегі аула, Жароков пен Гагарин көшесі маңайындағы бақ та осы «Бюджетке қатысу» жобасы шеңберінде іске асып жатқан жобалар. Олардың құрылысын 1-2 айдың көлемінде аяқтау жоспарланып отыр.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир