Алматыда күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловке көше атауы берілді

30.11.2021 в 02:00

Іс-шара «Күймен өткен ғұмыр» атты еске алу кешімен жалғасын тапты

Алматыда Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тұяқберді Шәмеловтың 70 жылдығына орай күйші-композитордың есімімен аталатын көше ашылды. Іс-шара «Күймен өткен ғұмыр» атты еске алу кешімен жалғасын тапты. Мақсаты – шынайы талантымен әлемді мойындатқан азаматтың өнегелі мұрасын жаңғыртып, есімін тарихта қалдыру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Ұлтымыздың күйшілер көшіне буырқанған дауылдай, нөсерлеткен жауындау, лапылдаған жалындай екпінмен келген Тұқберді Шәмеловтің шығармашылығы қайталанбас құбылысымен дараланады. Оның күйшілік шеберлігі мен өнері қазақ мәдениетінің өшпес мұрасына айналды.

«Тұяқберді Шәмелов өзінің өімір жолында қазақтың күйін дәріптеуге, өзінің жанынан шыққан көптеген күйі мен әндері қалды. Сондықтан да бүгінгі еңбегі бағаланып жатқаны жалпы қазақ мәдениетіне мен өнері үшін үлкен қуаныш», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Нұрғиса Дәуешов.

«Қазақстанның халық артисі, күйші-композитор Тұяқберді Шәмеловтың есіміне көше атын берге қатысты іс-шараөтіп жатыр. Осындай елі, халқы, өнерсүйер адамдар бар да, ол кісінің аты өшпейді деп сенемін», – деді Т. Шәмеловтың жары Жансауле Шәмелова.

Қазақ өнерінде ойып тұрып орын алған Тұяқберді Шәмеловтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесін күллі Алаш халқы мойындады. Төрт жасынан қолына домбыра ұстап, күйшілік дәстүрді бойына сіңірген ол Құрманғазы оркестріне саналы ғұмырын арнады. Онда қырық жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп, қатардағы домбырашыдан бас концертмейстер, көркемдік жетекші дәрежесіне дейін көтерілді.

«Мұны тарихи сәт деп айтуға болады. Ұлы есімдерді осылай ұлықтап, ұлыларымызды біз жоқтамасақ, кім жоқтайды», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің директоры Медет Қуанышев.

Кеште Тұяқберді Шәмеловтің әндері мен күйлерінен құралған «Анама толғау» атты күйтабақтың тұсауы кесілді. Концертке Нұрлан Өнербаев, Асхат Үрпеков, Фархат Кубиев және Тұяқберді Шәмелов атындағы бірінші Республикалық әншілер мен домбырашылар конкурсының лауреаттары қатысты.

Қасымхан Талғатұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы