2023 жылы жобаны жалғастыру мақсатында 100-ден астам ұсыныс түсті
Алматыда биыл «Халық қатысатын бюжет» бағдарламасы аясында 237 жоба қаржыландырылды. Осылайша, қаланың 8 бірдей ауданында жаңа скверлер мен ойын алаңдары салынып жатыр. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталады дейді мамандар. Жоба іске қосылғалы тұрғындардың сұранысы бойынша қалада ұлттық стильдегі бірегей скейт, воркаут алаңдары, аллеялар және тағы басқа да спорт алаңқайлары жасалған.
Алатау ауданындағы бұл алаң өткен жылы ғана бос жатқан еді. Шөп-шалаң өсіп, қараусыз қалған. Ал қазір балалар мен аудан тұрғындарының игілігіне жарап тұр. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында ойын алаңдары салынып, айнала толық абаттандырылды.
«Жақсы салынған, баламызбен келіп серуендеп жүрміз. Халықтың сұрауымен пайдалы дүние салына берсе, көбейсе, қаламыз гүлденсе тұрғындар да риза болар еді», – деді Алатау ауданының тұрғыны Нұрлан Шамалов.
Алатау ауданы бойынша жергілікті тұрғын тарапынан биыл 176 жобаға өтінім түскен. 36 жоба аудан жұртының дауыс беруі арқылы іріктелініп, мақұлданды. Құны – 1 млрд 800 мың теңге. Олардың қатарында аллеялар, воркаут алаңдары және тағы басқа да спорт алаңқайлары бар. Әкімдік өкілдері бағдарлама алдағы жылы да жалғасатынын айтып, көпшілікті қуантты.
«Алдағы 2023 жылы жобаны жалғастыру мақсатында 100-ден астам ұсыныс түсті. Қазір тұрғындардың дауыс беруі арқылы 26 жоба анықталып отыр. Келер жылы жүзеге асырылады», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Ертіс Бесіров.
Қалалық бағдарлама аясында тек жаңадан алаңқайлар ғана салынып қоймай, біраз жылдан бері жөнделмеген, қараусыз қалған аулаларға күрделі жұмыс та жасалады. Аумақ абаттандырылып, жаңаша түрленеді. Бағдарламаның ерекшелігі сол – кез келген жұмыс басталмас бұрын, алдымен әр тұрғынның сұрауы ескеріледі, тілегі тыңдалады.
Ұлағат Арғын, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы