Алматының негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі артып келеді. Жаңа жылдан бері, яғни соңғы екі айдың өзінде, мегаполис мүддесі үшін 135 млрд теңгеден астам қаражат құйылған. Дәлірек айтсақ, салымдар 8,5 пайызға артып отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш толық бір жылда 15 пайызды құраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Былтыр қала капиталына 1 триллион 185 млрд теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Бұл 15 пайыздан асады. Салымдар көбіне жылжымайтын мүлік, көлік және өндіріске жұмсалған. Аталған салалардан өзге әлеуметтік бағытқа да басымдық беріледі. Мәселен былтыр осы мақсатта 7 жаңа жоба жүзеге асыпты. Соның бірі - мына жекеменшік мектеп. 340 балаға арналған білім ордасы заманға сай жасақталған.
«2025 жылға дейін мың мектеп салу бағдарламасы көтерілген болатын. Қазіргі заманға сай мектеп ашу және мына мемлекеттік мектептердегі оқушылар санын аздап азайтып, көмектесу үшін осындай жекеменшік қазақтілді мектеп ашу басты жоспарымыз болды», - деді мектеп директоры Жанар Әділова.
Сондай-ақ мектепке республикалық бюджеттен де әр оқушыға ақша бөлінеді. Сәйкесінше ата-аналар баласының оқу ақысына едәуір аз төлейді. Жалпы кәсіпкерлерге қала бюджетінен субсидия беруді жүзеге асыратын Алматы микроқаржы орталығы барын айту керек. Ісін дөңгелетіп, өзіне де, қалаға да пайда әкелемін деген кәсіп иелері осы орталық арқылы 5-6 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады.
Теннис клубы да әкімдіктен, яғни Алматы финанс қаржы орталығынан қаржылай көмек алған. Қазір соның арқасында мұнда 500-ден астам бала спортпен айналысуға мүмкіндік алған.
Балалардан бөлек ересектер де келіп шынығады. Осылайша ,бұқаралық спорт дамиды әрі кәсіпкерлер де құралақан қалмайды.
«Қаладағы басқа теннис орталықтарымен салыстырғанда бізде бағалар тиімді. Бір балаға 30 мың теңге деп белгіленген. Теннис қымбат болғандықтан, көбіне ата-аналар балаларын бұл спорт түріне бере алмай жатады. Сондықтан мемлекеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі арқылы тегін қатыстыру да қаралған», - деді теннис клубының даму жөніндегі менеджері Тимур Әмірбеков.
Ал ірі медициналық орталық алдағы 1-2 айда қолданысқа беріледі. Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асуда. Қосымша, мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында субсидия бөлінеді. Ол несиенің белгілі бір мөлшердегі пайызын жабуға септеседі.
«Мемлекеттің осындай бастамаға қолдау көрсетіп жатқанына шынымен алғыс айтамыз. Бұл бізге үлкен көмек. Әрине мұндай жобалар отандық медицинаның әрі қарай дамуына жол ашады. Паценттер сапалы қызмет алады. 200-ден астам жұмыс орны ашылады. Субсидия алып қана қоймай, біз әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту міндетін мойнымызға аламыз», - деді медициналық клиниканың бас директоры Сабыржан Базарбаев.
Биыл қалаға инвестиция тарту былтырғыдан да жақсы қарқынмен жүзеге асып жатыр дейді мамандар.
«Соңғы екі айдың өзінде жалпы инвестиция көлемінің артып келе жатқанын байқаймыз. Негізгі капиталға 135,6 млрд теңгеден аса қаржы тартылды. Қаржыландырудың негізгі көзі, яғни 70 пайызы кәсіпкерлердің есебінен түседі. Қалғаны заемдар мен мемлекеттік бюджеттен салынған инвестициялар», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қалибек Ақылбеков.
Инвестиция есебінен жүзеге асып жатқан жобалар көбіне Алатау және Әуезов аудандарына тиесілі. Жалпы биыл ел қазынасынан қалаға жеке үй құрылысына 60 млрд теңге қаржы құйылмақ.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы