Алматы тұрғындарының ішінде дезинфекциялау жұмыстарына күмәнмен қарайтындар бар. Мәселен, өсімдіктердің сарғаюына, ал кейде тіпті жануарлардың өліміне дәл осы залалсыздандыру сұйықтықтары себеп деген пікірде. Almaty.tv тілшіcі осындай әңгімеден кейін дезинфекция үшін себілетін сұйықтық жасалу барысы және құрамымен таныстып келді.
Кез келген шикізат өндіріс орнына келмес бұрын оның құрамы толыққанды тексерістен өтеді. Күніне мұнда шамамен 8-10 тонна дезинфекциялық ерітінді дайындалады екен. Ал бүгінде Қазақстан бойынша 1000-нан аса мекеме осы компанияның өнімдерін пайдалануда.
Мекемеде антисептик құралдары, дезинфекциялау ерітінділері мен хлорлы таблеткалар өндіріледі. Барлық шикізаттың құрамы тексерілгеннен кейін олар арнайы техникада тазартылады. Тіпті сұйықтыққа қосылатын судың өзі 3 реттік сүзгілеуден өтеді екен. Компанияның қоспаларын карантинге дейін де мемлекеттік мекемелер пайдаланған.
Орталықтың мәліметінше, қолданыстағы дезинфекциялық препараттар қауіптіліктің 4-сыныбына жатады. Яғни, адамдар мен жануарлар денсаулығына зияны жоқ деген сөз. Барлық ерітінділерге әдістемелік нұсқаулықтар бекітілген. Тұрғындардың алаңдауына еш себеп жоқ дейді мамандар.
«Адамға, тіршілікке, қоршаған ортаға қауіпті емес. Сондықтан оның әрқайсысының өзінің концентраттары бар өзінің. Сол концентратты мөлшерлі қосып, инструкцияға сәйкес өзіне еректісін жасаса, ол кезде бәрі дұрыс болады», – деді дәрігер-эпидемиолог Әлия Асарбаева.
Мекеме өнімдерінің сапасы стандарттарға сай. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау туралы рұқсат қағазы да бар. Бүгінде өнідіріс орны еліміздегі жеке және мемлекеттік мекемелерді залалсыздандыру өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
«Антисептик пен хлорлы таблеткалар қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие болып отыр. Елімізде пандемия жайлағандықтан, ең керектісі осы құралдар. Сондай-ақ, залалсыздандырғыш ерітінділерге де жиі тапсырыс түсуде», – деді сату бөлімінің басшысы Анна Маркс.
Мегаполис бойынша әрбір тұрғын үй аптасына 2 рет залаласыздандырылады. Күнделікті дезинфекциялау жұмыстарына 1500-ден астам маман қатысады. Ал, жауапты тұлғалардың айтуынша, дезинфекторлардың барлығы арнайы оқудан өткен.
Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы