Ауқымды жұмыстар «Шетсіз қала» жобасы аясында жасалып жатыр
Биыл пандемия кезеңіне қарамастан, Алматыда 1100 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық. Ол 8500 ден астам көпсалалы тұрғын үй, 1200 ден көп жеке тұрғын үй кешені және 3 мың шаршы метр жатақхана құрылысы. Ауқымды жұмыстар «Шетсіз қала» жобасы аясында жасалып жатыр. Ал, аудандарда жобаның іске асырылу барысы қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтып берсін.
Бұған дейін Наурызбай ауданының Тау жол ықшам аудан тұрғындары үшін ауыз су біраз жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе еді. «Шетсіз қала» жобасы аясында бұл жұмыс бірден қолға алынды. Қазір ұзындығы 3 шақырым болатын кәріз құбырымен су жүйелері салынуда. Аудан әкімдігі мұндағы құрылыс жұмыстары біте салысымен тұрғындар судан тапшылық көрмейді деп отыр.
Су құбырлары мен кәріз жүйелерін жүргізу жұмыстары Наурызбай аудынының 7 ықшам ауданында дәл осылай қарқынды жүргізіліп жатыр. Біз тұрған Тау жол ықшам ауданында жүргізіліп жатқан құбырдың ұзындығы 3 шақырымды құрайды. Мұндай ауқымды жұмыстар келер жылдың соңына дейін жалғасады.
«Бұрын бізде трубаның диаметрі 250 еді, қазір оны 500 үлкейтіп салып жаты. Қазір енді жұмыстың 90 проценті бітіп қалды. Келесі жылы су берсе тұрғындарға жақсы болады. Ұйымдастырушыларға рақметімді айтамын», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Жәңгір Орынбетов.
Бұдан бөлек, аудан көшелерін жарықтандыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Қазір 97 көшеге бағандар орнатылып, электр жүйелері жүргізіліп жатыр. Ол үшін екі жұмыс тобы мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Биыл қараша айының соңына дейін 312 көшеге жарық орнатылмақ.
«Қаладан көшіп келгенімізге 14 жыл болды, ол кезде мында жарық жоқ еді, көше қараңғы, қазір мына Бекешова көшесінің бойы жарықтандырылды. Ризамыз. Баларымызбен кешкісін көшеге шығып қыдыратын болдық», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Алтын Байшебекова.
Наурызбай ауданында «Шетсіз қала» жобасы аясында алдағы жылы да жоспар ауқымды. Ол үшін республикалық бюджеттен қаржы да қарастырылған.
«Одан бөлек, Ақсай және Қарғалы өзендерінің басына су тораптары су сүзгілері салынады. Қарғалы ықшам ауданының құрылысы басталды. Тау самалы, Қарағайлы ықшам аудандары мемлекеттік сараптама өтуде. Ол жұмыстар алдағы жылы толық жүргізілетін болады», – деді Наурызбай ауданы әкімі аппаратының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.
Былтыр «Шетсіз қала» жобасы аясында қаладағы 23 шағын ауданның су жүйесін ауыстыру жұмыстары басталды. Одан бөлек биылғы жылдың наурыз айынан бастап 7 ықшам ауданның кәріз жүйелері қайта салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары пандемия кезінде де тоқтатылған жоқ. Санитарлық талаптар сақталды.