Алматы - өнердің, әдебиеттің ордасы, салт-дәстүріміздің негізі қаланған жер – Секен Тұрысбек

21.09.2020 02:09

Қай қырынан қарасаң да, Алматының орнын жер бетіндегі ешбір қала орнын толтыра алмайтын сияқты

Almaty.tv

Асқақ Алатаудың дәл іргесінен орын тепкен «әсем қала», ару қала Алматымыз – тек әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге ірі өнер орталығы. Оның ішінде ән мен күйдің қазыналы қара шаңырағы, дүбірлі ордасы екені де мәлім. Ахмет Жұбанов атамыз айтып кеткендей, күй - тек күрделі ғана емес, өте кірпияз өнер. Тек таңдаулы ғана емес, аса талғампаз өнер десек, дәл қазіргі күні осы таңдаулы да, талғампаз өнердің шынайы жанашырына, дем берушісіне, таратушысына айналып отырған Алматы екені тағы мәлім. Бұл ретте Алматының алдына ешкім де түсе алмайды. Содан да болар, халық арасынан дараланып, суырылып шыққан сұңғыла күйшілеріміздің шығармашылығы да, шығармашылық тағдыры да Алматымен сабақтасып, ұштасып жатады. Өмір жолы да, өнер жолы да Алматымен тығыз сабақтасып жатқан осындай өнерпаздың бірі - дара талант, дарынды күйшіміз Секен Тұрысбек. Қала күні қарсаңында танымал композитор, домбырашы арнамызға арнайы келіп, тебіренте толқытып күй шерткен еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Алматы ыстық маған. Жаныма да, жүрекке. Жаныңа жайлы. Бір уақтарда Алматының ортасында бұлақ ағып жататын, арықтар. 80-інші жылдары қолыңда зонт болмаса, далағы шықпайтынбыз. 15-20 минут, жарты сағатта күн құбылып тұратын. Күн шығып тұрады, аяқ астынан жаңбыр. Бірде ашыла кетеді, қайтадан. Жап-жасыл, тап-таза ауа. Сол уақтарда құдайдың нұры түскен уақыттар екен деп ойлаймын. Осыдан 30 жыл бұрыңғы уақыттар. Қарап отырсаңыз, 40 жылдай Алматы қаласыменен өмірім бірге секілді. Сенің жаныңның жартысындай, жүрегіңнің жартысындай. Басқа ешбір жерді мысалы, тең көрмеймін»,– деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор, күйші Секен Тұрысбек.

Сонау 81 жылдары осында студент болып келген өнер иесі «Алматының адамдарында тауға қарап мінез пайда болатын секілді, болмысы бекитін секілді», - дейді. 

Бұл расымен де солай. Алматы өнердің, әдебиеттің ордасы, салт-дәстүріміздің негізі қаланған жер. Нағыз таланттардың бәрі алтын балық үйіріндей боп осы Алматыда шоғырланған. 2001 жылы «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрімен астанаға көшкен күннің өзінде, өнер иесі мойнымды артыма көп бұратынмын, Алматыға қарай дейді.

«Кеткен күннің өзінде мойнымды артыма көп бұратынмын Алматыға. Алматының әдемілігіне, әсемділігіне, әлемде бұндай қала жоқ сияқты болып сезіледі және солай деп ойлаймын. Қай қырынан қарасаң да, Алматының орнын жер бетіндегі ешбір қала орнын толтыра алмайтын сияқты. Арыға барсаң, Шымбұлақтан бері қарай, төмен түссең Медеу, Көктөбе, сол адам табиғатына тартады деген. Алматының адамдары да, мысалы ертелі кеш Алматыға қоныстанып жатқан адамдарда да тауға қарап, мінез пайда болатын сияқты. Өзінің болмысы бекитін секілді»,– деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор, күйші Секен Тұрысбек.

«Жұмекеңнің айтатыны бар: «Күй ұқпайтын адам, сөз ұқпайды» деген. Тағы да Жұмекеңнің жолы бар айтатын: «Күйдің жеңілдігі көбіктей, ауырлығы тамұқтай». Неге десеңіз, Жұмекен Нәжімеденов, бүгінгі гимннің авторы, соншалықты өзінің тереңдігін, күйге қалам тартқан Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин де, күймен ауырған Асқар Сүлейменов те, Жұматай Жақыпбаевтар, Қажытайлар. Қарап отырсаңыз, олардың шығармашылығы да кесек»,– деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор, күйші Секен Тұрысбек.

40 жылдай Алматы қаласымен өмірі тығыз байланысты өнер иесі үшін, алып шаhар - жүрегінің жартысындай. Сол себепті де, өзге ел қызғанышпен емес, қызыға қарайтындай мекен болсын деп, қазақтың күйшісі қала күніне орай өзінің ақжарма тілегін білдірді.

«Бүгінгі Алматыны қала күнімен құттықтаймын. Алматыға, Алматының адресіне қандай әңгіме айтсаңыз да, жарасатын қала. Ұйыған бір, біздің ақылгөй, біздің данышпан, небір зиялы элиталар дейміз ғой, солардың ғұмыр кешіп жатқан жайы бар. Бұл кісілерге мен күйдей мазмұнды ғұмыр тілеймін. Өмірлері баянды болып, байсалды болып, құдай береке берсін, бірлік, ынтымақ берсін. Бір-бірлеріне жылы қабақ танытып жүрсін. Күпті көңілден, көңілі тоқ адамдарды кездестіретін кезең әлі алда деп үмітімізді үзбейік ағайын. Айнала аман болып, төңірек түгел болып, қаламыз құлпыра берсін, жайнай берсін, асқақтай берсін»– деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор, күйші Секен Тұрысбек. 

Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны» еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін құлақ түріп тыңдай қалатын күйге айналды. Ұлттық музыка арнасында Секен салған алтын сарай уақыт жылжыған сайын биіктеп, жарқырай түсетіндігінде күмән жоқ.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, Мақсат Күнібеков, «Алматы» телеарнасы