Медеу ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» биыл 1500 қарияға қызмет көрсетпек. Сондай-ақ, 1 ай бұрын ашылған «Шыңға өрлеу» жобасы негізінде 60 балаға әртүрлі курс оқытылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Камила Төлепбергенқызының зейнетке шыққанына 3 жыл болған. Оған дейін мектепте мұғалім болған. Қазір жасы 62-де. Өмір бойы еңбектенген адам үшін үйде отыру зеріктіреді, дейді. Ал, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қарт кісілерге қолдау көрсетіп қана қоймай, жаңа тілдер мен технологияны игеріп, дос-жаран табуға септесіпті.
«2020 жылдың қараша айынан бастап қатысып жүрмін. Оған дейін естігенмін. Маған өте ұнайды. Осы жерде ағылшын тілін, психологиялық, дәрігердің көмегі, скандинавиялық жүруге барып, үйреніп жатырмыз. Би болады мұнда. Жақсы араласамыз. Өте ұнайды бізге», – деді Медеу ауданының тұрғыны Камила Кетебаева.
Бұл жоба ауданда 2020 жылдың шілде айынан бері жұмыс істеп келеді. Қазір әлеуметтік бағдарламаға тіркелген зейнеткер саны 375-ке жеткен. Небәрі 7 айдың ішінде 785 қария қызмет алған. Орталық басшысының сөзінше, қарттар үшін түрлі қызмет әрдайым қолжетімді және тегін.
«Негізгі курстар аудан аумағындағы 6 жерде өтеді. Атап айтсақ, 28 Панфиловшылар паркінде, орталық саябақ пен спорт алаңдарында, сондай-ақ, Думан шағын ауданы мен Алатау ауылында. Бұл қарқынмен біз Медеу ауданындағы барлық аймақты қамтимыз және қарияларамызға да ыңғайлы», – деді Медеу аудандық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» басшысы Самат Бейсенов.
Ал, балаларды түрлі өнерге бейімдейтін «Шыңға өрлеу» орталығы Алатау ықшам ауданында орналасқан. Қазір онда 50 оқушы қосымша білім алып жүр. Негізінен келушілер – көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалар. Оларға арналған музыка, вокал, әдебиет, компьютерлік графика бойынша курстар тегін ұйымдастырылған.
«Орталықта өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріледі. Үлкендер кішілерге өз тәжірибесін береді. Негізінен 1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі балалар оқиды, үй тапсырмаларын жасайды, тамақтанады», – деді Медеу аудандық «Шыңға өрлеу» орталығының бөлім меңгерушісі Татьяна Абажей.
Сондай-ақ, ауданда көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатындағы «Бақытты отбасы», «Іскер ана» орталықтары жұмыс істейді. Жасөспірімдерге арналған 2 әлеуметтік футбол секциясы да бар. Спорт алаңына 100 балаға дейін сияды.
Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы.