Алмалы ауданының коғамдық кеңістіктері абаттандырылуда. Жамбыл атындағы саябақ, Жамбыл көшесі бойындағы, сондай-ақ Розыбакиев пен Қожамқұлов көшелерінің қиылысындағы жасыл аймақтар «Бюджетке қатысу» жобасы аясында көріктендіріліп жатыр. Алмалы ауданы тұрғындары былтыр қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездескен кезде осы жайттарға көңіл бөлуін сұраған еді. Енді, міне шаһар басшысы аудандағы абаттандыру жұмыстарымен өзі жеке танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алмалы ауданының тұрғындары бульварлар мен скверлерді қайта жөндеу қажеттігін былтыр қала әкімімен өткен кездесуде айтқан еді. Олар жасыл аймақты абаттандырып, ауданды көріктендіруге ерекше назар аудартқан болатын.
«Мен Жароков пен Шевченко, Жамбыл мен Гагарин көшелерінің аумағында тұрамын. Мұнда Ганди паркі бар. Былтыр тамаша жөндеу жұмыстары жасалды. Балалармен серуендеуге ыңғайлы болып қалды. Бірақ Шевченкомен жоғары көтерілсең, Жароков көшесінен Гагарин көшесіне дейін жолдардың жағдайы өте нашар. Көліктер жол жиегіне шығып жатады. Бұл жерде абаттандыру жұмыстары қашан жүргізіледі? Соны білейін деп едім», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Наталья Иванова.
Бүгінде аудан халқының өтінімдері ескеріліп, Гагарин бульварында жөндеу жүргізіліп жатыр. 98 миллион теңге қаржы бөлінген бұл жобаны қыркүйек айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мұндағы желек жолға 250 жарық бағаны мен 50 көшет тал отырғызады. Құрылысы 10 мамырда басталған бульварда бар жоғы бір айдың ішінде ойын алаңдары салынған.
Осындай жөндеу жұмыстары бүгінде Мақатаев атындағы саябақ та да жүргізіліп жатыр.
«Жүргіншілерге арналған жолды жөндеп, балалар алаңын орнатып жатырмыз. Бұл жобаға барлығы 105 миллион теңгеге жуық ақша бөлінді. Қазір мұнда жұмыс істеп жатқандардың 10-пайызы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында еңбекпен қамтылған. Жалпы 5260 шаршы аумаққа тас төселіп, ұзындығы 835 метр көшеге 60 жасыл желек отырғызылады», – деді құрылыс компаниясының өкілі Илья Токарев.
Одан бөлек, бүгінде Жамбыл атындағы саябақ, Розыбакиев пен Қожамқұлов көшесінің қиылысындағы жасыл алаң және Жамбыл көшесіндегі аймақтар қайта абаттандырылып жатыр.
«Бастапқыда бұл жерде мейрамхана болған және қаңғыбастар тұрғындарды шошытып, жан-жақта бөтелке жататын. Қазір орнына саябақ салынып жатыр, біз өте қуаныштымыз», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Юлия Пакинтелица.
Биыл Алмалы ауданында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша 15 жоба іске асады. Ол үшін 240 млн теңге бөлінген.
Сая Меңдеке, Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы