Енді ол жақын күндері еліміздің барлық аймағы мен Алматыдағы ең ірі 105 дәріханаға таратылмақ
Алматыға 55 тоннадан асатын дәрі-дәрмектің алғашқы легі келді. Онда қазіргі уақытта сұранысқа ие ең қажетті препараттар мен әлеуметтік маңызды дәрілер бар. Коммерциялық тауар тиелген әуе кемесі бүгін Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды. Енді ол жақын күндері еліміздің барлық аймағы мен Алматыдағы ең ірі 105 дәріханаға таратылмақ. Дәрілік прапараттарды әуежайдан күтіп алған Almaty.tv тілшісі аталған жүк елдегі дәрі тапшылығын қаншалықты жоятындығын айтып берсін.
Sunday Airlines әуе кемесі әуежайда қаз қатар тізілген операторлар мен фототілшілерді ұзақ күттірмеді. Уақытында келді. Дәрілік препараттарды азаматтық авиация комитетінің арнайы борттары жедел жеткізді. Алдымен эпидемиолог мамандар ұшақ экипажын тексергеннен кейін ғана жүк түсіріле бастады. Ресей астанасы Мәскеуден бет алған бұл әуе кемесінің бортында 16 тоннаға жуық дәрі бар.
«Бұл ұшақтың бортында қазіргі уақытта ең қажетті дәрілер бар. Олар негізінен дене қызуын түсіретін препараттар мен антибиотиктер. Нақтырақ айтар болсам: 150 мың азитромицин, 1 миллион цефтриаксон, 150 мың тамифлю мен 50 мың дана арбидол бар», – деді Қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхамедияров
Бұл Алматыға Мәскеуден келетін 55 тонна дәрі-дәрмектің алғашқы легі. Екінші ұшақ бүгін түнде келеді деп жоспарлануда. Ол дәрілік препараттар барлығы төрт ірі фармацевтикалық компаниялар арасында одан әрі дәріханаларға жеткізілу үшін бөлінеді. Және оның саудалануы қатаң бақылауда болмақ.
«Мобильдік топтар құрылған болатын. Осы топтар дәріханадағы бағаның өспеуін және де дәрі-дәрмектің белгіленген мөлшерде бір қолға 3-5 данадан сатылмауын бақылайды. Айта кететін жәйт келісім шарт бойынша осы компаниялар бізге күнделікті есеп береді. Қандайда бір қиындықтар туындайтын болса, әкімдік тарапынан көмек көрсетіліп сұрақтар шешіледі», – деді Алматы қаласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев
Осындай рейстер тұрақты түрде дәрілік нарықты қамтамасыз ету және дәріхана желілерін қажетті препараттармен үнемі толықтырып отыру үшін жүзеге асырылады. Алматыға шілденің соңына дейін әлеуметтік маңызы бар шамамен 4 миллионнан астам дана дәрі-дәрмек жеткізіледі деп күтілуде.
Айта кету керек, Ресейдің астанасы Мәскеуден келген бұл дәрі-дәрмек ешқандайда гуманитарлық көмек емес. Бұл дәрі жеткізуші компаниялардың коммерциялық тауары. Ал, ұшақты ел билігі осы компанияларға көмек ретінде ұсынған көрінеді. Жақын күндері бұл дәрі-дәрмектің барлығы Қазақстанның барлық өңіріне қажеттілігіне қарай жеткізілетін болады.
Арнат Дүйсен, Мұрат Тайжанов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы