Алматыда медиация көрсеткіші 5 пайызға артқан

almaty.tv
almaty.tv
Алматы қалалық сотының ресми мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 8 аудан бойынша 29 720 азаматтық іс тергелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл басынан бері 30 мыңға жуық азаматтық іс тергелген. Оның ішінде 2 мың 376-сы жоғарғы сотқа жетпей, екі жақты татуласумен аяқталыпты. Бұл туралы Алматы қалалық соты хабарлады. Қызметкерлердің хабарлауынша, карантин жағдайына қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда мегаполисте медиация көрсеткіші 5 пайызға артқан. Толығырақ Almaty.tv тілшісі баяндайды.

Сәрсебаевтар әулеті осыдан бірер ай бұрын отбасында кикілжің туып, некені бұзу үшін Медеу аудандық сотына арыз қалдырған. Отау құрғандарына көп болмаған жас отбасының 5 жасар  баласы бар. Кейіннен жас жұбайлардың ойын тыңдаған аудандық судья екі жақты жекелеген кеңес өткізеді. Нәтижесінде олар татуласып, іс сотқа жетпей қысқартылған.    

«Медиация әдісімен сот қызметкерілінің араласуының арқасында отбасымызды сақтап қалдық. Бұл жүйені ойлап-ұйымдастырғандарға алғысымды білдіргім келеді. Себебі жұбайыммен тіл табыса алмаймын ба деген ойда болғам. Бір жағынан жас болдық. Қателік өзімізден де бар», – деді қала тұрғыны Асқар Сәрсебаев.

Жыл басынан бері Медеу аудандық сотында 4886 азаматтық іс тергелген. Оның 389-ы жоғарғы сотқа жеткізілмей, екі тарапты татуластырумен аяқталыпты. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш ретінде танылған. Аудандық сот қызметкерлері ол үшін арнайы марапат та иеленген.

«Екі тарап келісімге келмей іс сотқа кететін болса, ол кем дегенде 3 ай қаралады. Одан бөлек, сотқа арыз беруші өндірілген ақшасының 1 пайызын мемлекетке БАЖ салығы ретінде төлеуге міндетті. Осы секілді мұның жұмысы өте көп. Қай уақытта да даудың бітіммен аяқталуы ол үлкен жеңіс. Медиация арқылы бітімге келіп аяқталып жатқан әрбір іс, ол ең алдымен тараптарға тиімді шешім», – деді Медеу аудандық сотының судьясы Кәмшат Үмбетәлиева.

Кәмшат Мелісқызы дауласқан соттасушыларды бітімгершілікке шақыратын арнайы нақты заңнамалық шара жоқ. Сол себепті де, екі тарап арасындағы шиеленіскен шаруаны бір жақты ету оңай жұмыс емес екенін айтады. Ол 25 жылдан бері сот саласында тынбай қызмет етіп келе жатқан білікті маман. Айтуынша, алдына келген қос тарапты татуластыру үшін тапқырлық пен байсалдылықты тең ұстай білген адам ғана мақсатына жетеді.

«Медеу ауданы аумағында банктер көптеп орналасқандықтан, сол банктың даулары көп түседі. Ақша өндіру талап-арыздары көп түседі. Жұмыс бабымен төленбеген жалақыны өндіріп беру бойынша арыздар бар. Ажырасу, неке бұзу, алимент төлеу деген секілді арыздар көптеп келеді», – деді Медеу аудандық сотының судьясы Кәмшат Үмбетәлиева.

Алматы қалалық сотының ресми мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 8 аудан бойынша 29 720 азаматтық іс тергелген. Оның ішінде 2376 дау білікті мамандардың атсалысуымен бітіммен аяқталған. Айта кеткен жөн, қазір карантин жағдайына байланысты, барлық істерге қатысты сот отырыстары онлайн өткізіліп жатыр.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров