«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары аясында қандай мәселелер шешімін таппақ

07.08.2021 02:25

«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары аясында қалада түрлі салада ауқымды жұмыс басталып кетті

Бүгінде қаланың 99 пайызы газбен қамтылған. Ал, 1943 жеке сектордағы тұрғын үй әлі күнге дейін пеш жағады. Мәселе алдағы уақытта «Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары аясында шешімін таппақ. Осылайша, көмірден арылып, қаланы толықтай көгілдір отынмен қамту көзделіп отыр. Одан бөлек, тұрғындарды жарықтандыру және сапалы электр-энергиямен қамту да басты мәселе. Қала инфрақұрылымы қалай жүзеге асып жатыр? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын әңгімелейді. 

Күндіз Алматы қандай көркем болса, түнгі қала тіпті ажарлы. Қала көшелерінде жанып тұрған барлық шамдарды «Алматы қала жарық» мекемесі бақылайды. Мамандар хабарлауынша, қазір шаһарда 165 мың жарықтандырғыш бар. Қазір олар энергия үнемдегіш лампаларға көшкен. Сапа бірінші орында. Әрі нарықта бұл тауарға сұраныс жоғары.

«Лед шамдардың тиімділігі жоғары. Оның жарық беру қуаты бұрынғыға қарағанда әлдеқайда сапалы, әрі энерияны үнемдейді. Нәтижесінде электр тұтыну орташа есеппен 19,2%-ға төмендейді деп болжап отырмыз», – деді энергетик Әмзе Әкімжанов.

Қаланың шеткі аудандарында жалпы ұзындығы 200 шақырым болатын көшеде жарық желілері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Нәтижесінде 68 мың тұрғын сапалы электр энергиясымен қамтылады. Аудан тұрғындарының көпшілігі тоқты үйді-үйге көрші-қолаң мен жақын жердегі трансформатордан өздері қосып алатын көрінеді. Бұл жағдайда техникалық нормалар сақталмайды, салдары аса қауіпті дейді мамандар.

«Осындай жеке сектордағы тұрғын үйлерді қала балансына өткізу басты талап. Бұл аудан тұрғындары үшін және біз үшін де өте қолайлы болмақ. Себебі үйлердегі жарықтардың жүйесі реттеледі, сонымен бірге олардың бәрі біздің бақылауымызда болады, яғни бір базада сақталады. Сәйкесінше жарық сапасы да арта түседі», – деді «Алатау жарық компаниясы» АҚ басқарма бастығы Дмитрий Хлыбов.

Газбен қамту, электро-энергия мен жылу жүйесі. Мұның бәрі де әлеуметтік саладағы басым бағыттар. Қазір қаланың шеткі аудандары саналатын Наурызбай, Алатау, Түрксібте бұл мәселелер кезек күттірмей шешілуі керек. Масқат  ол аудандарға қаланың орталығындағыдай жағдай жасау.

«Алматы бас жоспарымен бірге «Шетсіз қала» жобасы да ауқымды жүзеге асып келеді. Тағы бір ерекшелік қандай жоспар құрсақ та, тұрғындармен тілдесеміз, олардың ойын тыңдаймыз. Бұл билік пен бұқара арасындағы алшақтықты жоюға мүмкіндік береді», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ инженері Гүлнар Нахметова.

«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары аясында қалада түрлі салада ауқымды жұмыс басталып кетті. Мақсат қала халқы үшін жайлы орта қалыптастыру, өмір сүру деңгейін арттыру және қаланы көркейту. Бірақ, ескеретін жайт, қала келбеті мен тарихи эстетикасын сақтап қалу аса маңызды.  

Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы