Алматының Наурызбай ауданында бірнеше дәмхана түнгі сағат 23.00-ден кейін де жұмысын тоқтатпаған

Almaty.tv
Almaty.tv
Медеу ауданына ұқсас жағдай Наурызбай ауданында да көрініс тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Медеу ауданына ұқсас жағдай Наурызбай ауданында да көрініс тапты. Кей мекеме өкілдері типті қаладағы шектеулерге құлақ асатын емес. Аудандағы бірнеше дәмхана түнгі сағат 23.00-ден кейін де жұмысын тоқтатпаған. Тіпті санитарлық талаптарға атүсті қарайтыны да байқалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бұл жолы арнайы топ Наурызбай ауданындағы тамақтану орындарына тексеру жүргізді. Бас мемлекеттік санитардың қаулысы бойынша мейрамханалар мен дәмханалар сағат 23:00-ге дейін ғана істеуі керек. Алайда мына мекеме түнгі 23:00-ден асқаны былай тұрсын, тіпті 25 адамға отырыс жасаған. Кейбір қонақтар мас күйінде көңіл көтеріп отыр.

Көріп тұрғандарыңыздай бізде жәй ғана отырыс болып жатыр. Керек-жарақтарымыз бар, сіздерге көрсеттім. Енді қызмет көрсетпейміз, тапсырыс қабылданбайды.

Мына дәмхана да санитарлық талаптарға сай емес. Келушілер саны біршама аз болғанымен, мекеме қызметкерлері олардың қызуын өлшеуді ұмыт қалдырған. Ал қызмет көрсетушілер ешқандай сақтық шараларынсыз жұмыс істеп жатыр. Талаптарға сай тек антисептик қана.

«Біз неге бетперде мен қолғаптар талап етіп жатырмыз? Мұның барлығы коронавирус індетін әлсірету мақсатындағы шаралар. Бірақ бұл талаптарды көбі орындағысы келмейді. Олар бетпердесіз, қолғапсыз ас дайындауы мүмкін. Қызуы да жоғары, ауру симптомдары болуы ғажап емес. Ал оны жұмыс алдында тексеріп жатқан ешкім жоқ», – деді Наурызбай ауданы Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау басқармасының басшысы Әнел Мұсаева.

Келесі тәртіпбұзушылық фактісі мына мекемеде тіркелді. Бұл жолы тамақтанушылар дәмханының ішінде емес, жазғы терассада демалу барысында көзге түсті. Тәртіп сақшыларының ескертуінен кейін ғана, асықпай тарқасты.

«Карантин талаптары жеңілдегелі бері біз 248 орында рейд жүргіздік. Оның бесеуіне айыппұл салып, 4 мекемені жабуға тура келді. Бұл тексеріс жұмыстары әлі де тұрақты жүргізіліп отырады», – деді Наурызбай аудандық әкімдігінің бөлім басшысы Нұрбол Бейсеков.

Мониторингтік топ шаһар тұрғындарын санитарлы ережелерді сақтауға шақырады. Көпшілік шоғырланған орындардан барынша аулақ болып, рұқсат етілген уақытқа дейін ғана серуендеген абзал. Егер талапбұзушылық байқалған жағдайда жергілікті санитарлы-эпидемиологиялық қызметке хабарлау қажет. Өйткені қауіпті індеттің таралуына жол бермеу – ортақ міндет.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеаарнасы


Новости партнеров