Акция аясында Наурызбай ауданы бойынша 6000 ағаш отырғызу жоспарланған
Алматыны көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгін Наурызбай ауданында республикалық «Бірге таза Қазақстан» акциясы аясында 300 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Наурыз мерекесі қарсаңында өткен игі іс-шараға Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай, қалалық мәслихат депутаты Есенгелді Талбидинов те қатысты. Ағаш егу кезінде барлық санитарлық талаптар ескеріліп, адамдар арасында арақашықтық сақталды.
«Алматы – жасыл қала. Бұл шара сол жасыл қала мәртебесін сақтап қалу үшін және соны ары қарай дамыту үшін ұйымдастырылып отыр. Игі іс әлі де өз жалғасын табатын болады. Бұл тек бастамасы», – деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысаналиев.
Көшет отырғызуға түрлі сала мамандарымен бірге эстрада жұлдыздары да арнайы шақыртылды. Соның бірі – әнші Бағлан Әбдірайымов. Ол осындай игі бастамалар болашақ ұрпақ пен қаламыздың көркеюі үшін маңызы зор деген пікірде.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз бар. Ағаш егу тек сауапты іс қана емес, сонымен қатар еңбекке баулу деп айтуға болады. Тұрғындарды қаланы көгалдандыруға, ағаш және гүл отырғызуға шақырамын», – деді әнші Б. Әбдірайымов.
Акция аясында Наурызбай ауданы бойынша 6000 ағаш отырғызу жоспарланған. Сондай-ақ, алдағы уақытта саябақтар мен аулаларды абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады.
НҰРҚАНАТ АТАЖАН, ӘРСЕН САНДЫБАЕВ, "АЛМАТЫ" ТЕЛЕАРНАСЫ