Қоғамдық көліктің ерекшелігі қандай?
Экологиялық таза, жолаушыларға ыңғайлы әрі заманауи талапқа сай. Алматы жолдарында су жаңа автобустар пайда болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл жолғы қоғамдық көліктің ерекшелігі – бұрынғыларға қарағанда ұзын, жазда салқындатқышы, қыста жылыту жүйесі еш ақаусыз жұмыс істейді. Қазақстанда құрастырылған автобус 100 адамға шақталған. Мұнда жолаушының ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалыпты. 3 монитор, 7 бейнебақылау камерасы және Wi-Fi роутер қарастырылған. Бастысы қаланың экологиясына залал келтірмейді екен. Ал көгілдір отын оңайлықпен жана қоймайды. Өйткені автобус тұтынатын газ нығыздалған деп сендірді автопарк иесі.
«Қаланың әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша, жекеменшік парктер осындай үлкен қоғамдық көлік сатып алуға бірінші қадам жасап жатыр. Біздің автопарк осындай екі автобус сатып алды. Бұл автобустар экологиялық норматив бойынша «Еуро 6»-ға жатады», – деді автопарк директоры Бекежан Тыныштықбай.
Қалаға қолайлы қоғамдық көлік қазір 128-бағытта қатынап бастады. Әзірге олардың саны екеу. Егер автобус алматылықтардың көңілінен шығып жатса келесі жылдың басында 54 бірлігіне тапсырыс беру көзделген. Жолға шыққанына көп болмаса да осы күні жолаушылар бұл көлік туралы жақсы пікірде.