Наурызбай ауданының 50 мың тұрғыны жыл соңына дейін таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек. Қарғалы шағын ауданында салынып жатқан су жинау стансасы құрылысының 50 пайызы аяқталған. Бүгін Алматы қаласы мәслихатының депутаттары ондағы құрылыс алаңын аралап, жұмыс барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тексеріс жүргізген көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы дегенмен бірқатар ескерту жасады.
«Қала әкімі бірнеше шағын ауданда инженерлік желілерді салу бойынша ауқымды жұмыстарды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта Наурызбай ауданында сумен жабдықтау және кәріз желілерін жүргізу жұмыстары басталды. Салынып жатқан нысанның жұмысымен танысу барысында жоспардан сәл қалыс қалғанын аңғардық. Мердігер компанияға ескерту жасалды. Енді ай сайын комиссия мүшелерімен мониторинг жүргізіп отырамыз», – деді қалалық мәслихат депутаты Есенгелді Талбидинов.