Алматы – алып шаһар. Оның әр бұрышы тарихтан сыр шертеді. Ал, көркімен көпті тамсандырған қаланың бейнесі алақандағыдай көрінетін Көк Төбенің өзі бір төбе. Қала күні қарсаңында Almaty.tv тілшісі Мадина Оқастың бейнематериалына назар аударыңыз.
Көктөбеде басқасын былай қойғанда, телемұнараның өзі әлемдегі ең биік деп саналады. Теңіз деңгейінен 1080 метр биіктікте, Іле Алатауының бөктерінде орналасқан мұнара 10 баллдық жер сілкінісіне де төтеп бере алатындай беріктікпен салынған. Ал, демалыс аумағының өзінде Көктөбемен астасатын бірқатар орындар бар.
Ағылшындық The Beatles тобына арналған бұл мүсіндер аталған топтың ТМД елдеріндегі екінші ескерткіші. Ал, әлем бойынша Көктөбеде ғана The Beatles тобының құрамы толық жиналған монумент бар.
Байқасақ, күллі Алматыны айтпағанда, бір ғана Көктөбенің өзі әлемдік рекордтардан көш бастап тұр. Мұндағы аспалы жол да ел және жаһан жұрты асыға келетін орынға айналған.
Бұл аспалы жолдың ұзындығы 1620 метр. Ал, үстінгі және төменгі станциялардың биіктік айырмасы 250 метрді құрайды. Жалпы әрқайсысына 8 адамнан сыятын 17 кабинамен бір сағатта 750 адамды тасымалдауға болады.
Шаһардың көрікті келбетін тамашалауға келгендер де көпшілікті қала күнімен құттықтауды ұмытпады. Тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де Алматы алып жүректің бір бұрышындағы ыстық мекенге айналғалы қашан?!
«95 жылы Ираннан көшіп келдім. Маңғыстауда тұрам. Бүгін мына Алматыға келдік, көрейік, қыдырайық деп. Көктөбені көріп жатырмыз. Алматы үлкейген, бұрынғысынан қатты үлкейген. Мың да бір шүкір», – деді қала қонағы Құрбанбақ Пейшахан.
«Біздің келіп жүрген жеріміз, жақсы көреміз осы Көктөбені. Көктөбеден бүкіл Алматыны көргенде, айтады ғой «Алақандағыдай», деп. Тура сондай, біз жақсы көреміз», – деді қала қонағы Алмахан Жұмақұлова.
«Біз бұрында ата-анамыздың суретінен күнде көруші едік, «Көркем жер осы Көктөбе», деп. Әдемі, Көктөбе әдемі. Алматы қаласындағы көркем жерлердің бірі болып саналады. Қаламызды, халқымызды келе жатқан қала күнімен құттықтаймын», – деді қала қонағы Мақсат Төлегенов.
Алматы – ел мәдениетінің астанасы. Ол – ғылым мен өркениеттің ордасы. Ал, талай жүректің қылын шертіп, сан сазға себеп болған Көктөбенің өзі шаһардың негізгі құндылығының бірі емес пе?
Мадина Оқас, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы