Бүгінгі Алматы – ел мәдениетінің, ұлт тарихының ғана емес ел тәуелсіздігінің алтын бесігі
Бүгін Алматы жұрты үшін күнтізбеде жоқ мереке. 100 жыл бұрын дәл осы күні Верный қаласының атын «Алматы» деп өзгерту туралы шешім қабылданған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресми құжаттың жарияланған күні осы. Міне ол. Осы уақыт аралығында алып шаһар қазақ ғылымының, әдебиеті мен өнерінің қара шаңырағына айналып, Тарихта Тәуелсіздіктің алтын бесігі болып мәңгі қалды.
Талайлардың алғашқы махаббатына айналған ару Алматы – мыңжылдан көп ғұмыры бар алып шаһар. Мәліметтерге сүйенсек, қаланың тарихы сонау қола дәуірінен басталады. Ел тарихында елеулі орны бар қаланың жаңа дәуірі 1854 жылы басталған. Бұл кезеңдегі Алматы- Ресей империясының Верный әскери қамалы еді. Патша үкіметі тұсында қайта құрылған аймақтың сол уақыттағы кескіні, әлеуметтік жағдайы мен тарихи ақпары мемлекеттік архивте сақтаулы.
«Орысша жазылған құжаттарда Верныйдың жанына жақшаға алып (Алматы) деп жазады. Ал 1921 жылы осы Жетісуда Кеңес билігі орнағаннан кейін осы жердегі белгілі тұлға, қоғам қайраткері, «Верный» гимназиясының түлегі Ораз Жандосов осы мәселені көтеріп, 1921 жылы 5 ақпанда Алматы қаласына тарихи атауын қайтадан алып берді»,– деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға-ғылыми қызметкері Рашид Оразов.
Мұрағатта қала тарихына қатысты көлемді материалдар жеткілікті. Верный қалалық думасының 1898 жылғы баяндамасында «Алматы» атауының «Верныймен» қатар қолданылғаны айтылады. Сондай-ақ, аталған тарихи оқиғаның құжат түрінде қабылданған нұсқасы да бар.
«Ал, оған дейін де бұл жерде тамаша ортағасырлық қала болғаны, бұл жердің алманың отаны екенін дәлелдейтін тарихи құжаттар жеткілікті. Сондықтан да, 1921 жылы өзінің тарихи атауына оралуға тікелей атсалысқан сол кездегі Ораз Жандосов, Санжар Асфандияров сынды тұлғалардың еңбегін бағалай отырып, жалпы қала тұрғындарын бүгінгі Алматы атауын қайтадан иеленумен шын жүректен құттықтаймын!» – деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға-ғылыми қызметкері Рашид Оразов.
Тарихи атауын қайтарғаннан арада 6 жыл өткенде 1927 жылдың екінші наурызында ел астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді. Осылайша, 1926 жылы қала халқы 45 мың адамды құраса, 1929 жылдың күзінде тұрғындар саны 100 мың адамға жеткен. Бүгінгі Алматы- ел мәдениетінің, ұлт тарихының ғана емес ел тәуелсіздігінің алтын бесігі. Ол талайлардың жүрегінде сұлу табиғаты, сырбаз келбетімен сақталып қала бермек.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков «Алматы» телеарнасы