Негізгі шарт – отандық өнімдерді пайдалану, ал жұмысшылардың 50 пайызын Жұмыспен қамту орталығынан алуы керек
Алматыда мердігер ұйымдар «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының талабын орындамаған. Бұл жағдай «Нұр Отан» партиялық бақылау комитеті Алатау ауданындағы балабақшалардың абаттандыру жұмыстарын тексеру барысында анықталды. Негізгі шарт – отандық өнімдерді пайдалану, ал жұмысшылардың 50 пайызын Жұмыспен қамту орталығынан алуы керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданында 2016 жылы ашылған балабақшаның бірінде 25 мамырдан бері абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайдан кейін қала билігі экономикалық әл ахуалды көтеру үшін алдымен жұмыссыздықты жоюды көздеп отыр. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясының бақылауындағы мердігер компаниялар жұмыссыз отырған аудан тұрғындарын еңбекпен қамтуы тиіс.
«Бүгінгі таңда 4 балабақша бойынша жұмыстар жасалуда. Ең басты жұмыстарымыз ойын алаңдарын жасау және беседкалардың демонтаждарын жасау. Сонымен қатар, қажетті құрал-жабдықтарын алып келу. 75 адам жұмыспен қамтамасыз етілуде. Жұмыспен қамту орталығынан 37 адам алынды. Бөлінген қаражат суммасы 52 милиион теңге. Алдымызда тұрған балабақша бойынша 12,5 миллион бөлінген», – деді мердігер ұйымның өкілі Қаныш Қоңырбаев.
Партияның Алатау аудандық филиал мамандары №148, 153 және 120-балабақшаны аралау кезінде құжатта көрсетілген мамандар саны құрылыс алаңындағылармен сай келмейтінін анықтады. Ал, әрбір мердігер ұйым Жұмыспен қамту орталығынан 60 пайызға жуық қызметкерді алуы туралы келісімшарт бар.
Алатау ауданындағы балабақшалардың ауласын абаттандыру жұмыстарын тексеру барысында мониторингтік топ бірнеше ескерту жасады. Құрылыс жұмыстарына отандық өнімдерді пайдаланамыз деген мердігер ұйым жерге төселетін резіңкенің материалдарын шетелден алдырған. Мысалы мына желім Ресейден болса, артындағы оған қосылатын бояу Оңтүстік Кореяға тиесілі.
Олқылықтарды анықтаған партия өкілдері құрылысқа қажеттінің бәрі Қазақстандық болуын қадағалап жатыр. Себебі ішкі нарықта сұраныс арта жұмыссыздар санының да азаюына септігін тигізеді. Десе де, көптеген компаниялар сырт елден тауар алуды доғармай келеді.
«Мердігер ұйым қазақстандық өнімдерден өзге шикізаттарды пайдаланғанын жасырмады. Құрылысқа қажетті заттарды өзге елден сатып алуға тура келеді деп түсіндіріп отыр. Тіпті, кейбіреулері отандық өнімнің сапасы мен бағасына сілтеме жасайды. Қазір мобильді тексеріс тобының мүшелігінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар. Біз олармен бірлесе отырып, барлығын тексеретін боламыз», – деді Nur otan партиясы қалалық бақылау комитетінің төрайымы Нұрия Ниязова.
Бұдан кейін жөндеу жұмысына жауапты компания өкілі алдағы уақытта кемшіліктерді түзетеміз деп сендірді. Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 200-ден астам нысанда партиялық бақылау бекеттері құрылған. Күнделікті бақылау жасайтын топ талаптардың орындалмағанын білсе, қала билігі жобаларды қаржыландырудан бас тартуы мүмкін.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы