Биыл 21 мың алматылық жұмысқа орналасты

Биыл 21 мың алматылық жұмысқа орналасты
Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығы мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жұмыссыздарға 1400 бос орын бар. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Мекеменің арқасында биыл 21 мың алматылық – табыс көзін тапқан. Бүгінде орталықпен 11 мыңдай жұмыс беруші ынтымақтастық орнатқан. Айтуларынша әлеуметтiк жұмыс орны жұмыс беруші мен қызметкер үшін де бірдей тиімді. Себебі кәсіпкер жұмыссыз азаматтардың жалақысына мемлекеттен субсидия алады. 

Назерке Рысқұлбек жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жұмысқа орналаса алмай біраз жүрген. Осы орталық арқылы екі қолға бір күрек тауып, еңбек етіп жүр. Қазір ол үлкен компанияның SMM қызметкері.

«2019 жылы университет бітірдім. Алғашқы 5-6 ай демалып, жұмыс іздей бастадым. Бірден табу қиын болды. Бүкіл мекеме тәжірибелі маман талап етеді. Мен университетті енді ғана бітірген соң, тәжірибем болған жоқ. Кейін жұмыспен қамту орталығы жайлы естідім. Соның арқасында қазіргі жұмысқа орналастым. Мұнда бәрі ұнайды», – деді қала тұрғыны Назерке Рысқұлбек.

Ал, кәсіпкер Тимур Мәулешов жұмыспен қамту орталығымен 2 жарым жылдан бері тығыз байланыста. Ол автомобильдерді такси қызметі үшін жалға берумен айналысады. Мемлекет ұсынған бағдарламалар арқылы маманды жұмысқа алу өте тиімді дейді ол. Себебі әр қызметкерге мемлекеттен арнайы субсидия бөлінеді. Бұл кәсіпкерлік нысанның еңбекақы шығынын едәуір азайтады.

«Жұмыспен қамту орталығы бізге көп көмегін көрсетті. Ең алғаш 2019 жылы бізге «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы негізінде 10 орын берді. Біз осы мамандықтарды толықтай игердік. Қызметкерлер енді ғана универитет тәмамдаған жастар еді. Оларды бірден үлкен компанияға жұмысқа алмайтыны белгілі. Сондықтан әлеуметтік қолдау керек. Осы тұста мемлекетке жас кәсіпкерлерге субсидиялау арқылы қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіргім келеді», – деді кәсіпкер Тимур Мәулешов.

Мамандарға мұқтаж кәсіпкерлер enbek.kz сайтында «қызметкер іздеймін» батырмасы арқылы онлайн режимде өтініш бере алады. Одан бөлек, платформада жұмыс іздеген тұрғындардың түйіндемесін қарауға мүмкіндік бар.  

«Кәсіпкерге маман керек болса, жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш бере алады немесе өз мекемесінің ЭЦП кілті арқылы біздің enbek.kz сайтында тіркеліп, өзінің тұрақты жұмысын жарияласа болады. Жұмыссыз тұлға еңбек сайтқа кіріп тіркеледі және де бос орындарды көріп, өзі жолдаманы бұл жерге келмей-ақ ала беруіне болады», – деді Қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім жетекшісі Гаухар Әуелова.

Жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 11 мыңнан аса адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 9 мыңнан астам алматылық уақытша табыс көзін тапты.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов,«Алматы» телеарнасы

Новости партнеров