Алматы шетінде орналасқан ықшам аудан тұрғындары, іргелес жатқан облыс аумағында тұратын көршілеріне ашулы. Олардың айтуынша, сырттан келетіндер қалаға қоқыс тасып жүрген көрінеді. Қатқыл қалдық үшін бір тиын да төлемей, алматылықтардың жәшігін толтырып кетеді екен. Ұятты әрекеттері үшін біразы айыппұл да арқалаған. Тек одан шығатын нәтиже жоқ, деп күрсінеді шағымданушылар. Ал қоқыс таситын мекеме соңғы 5 жыл бойы 3 есе артық жұмыс істеуге мәжбүр. Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан толығырақ айтып берсін.
Алматы облысынан қалаға жұмысқа келетін тұрғындар қоқыстарын көлікке тиеп, дәл осы жерге тастап кетеді. Әрине, сырт көзге айдалаға емес, жәшікке тастады дерсіз. Дегенмен бұл жақын маңдағы саяжай мен облыс халқына арналмаған. Жәшікке тек қос үйдің тұрғындары қатқыл қалдықтарын тастай алады. Өйткені олар отбасының әр мүшесі үшін ортақ тариф бойынша ақы төлейді.
«Машинамен келеді. Яғни, Ақжардың түп жағыннан, Абай поселкісінен, Қырғауылдының ар жағынан. Машинамен келіп, үйде тұратындар, саяжайда тұратындардың барлығы келіп, мына қоқыс жәшігін толтырып кетеді. Тура үйдің жаны болғаннан кейін жаз уақытында ол сасиды да, үйдің терезесін ашу мүмкін емес. Мүлдем мүмкін емес. Яғни, сасып тұра береді», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Айжан Байсабырова.
Бүгін қоқыс шығаратын компания өкілі тәртіп сақшысы мен жергілікті әкімдік маманы рейдке шықты. Олар бар-жоғы 5 минуттың ішінде қоқыс тастаған Алматы облысының 3 тұрғынын анықтады. Олар бұл әрекеттерін ұятты деп санамайды. Сөздерінше, өздері тұратын жерде мұндай жәшіктер жоқ.
Мамандар бір мекенжайда күніне кем дегенде 10 заңбұзушыны анықтайды. Дәл осындай жағдай мекеме қызмет көрсететін 18 нүктеде де қайталанады екен. Нәтижесінде, жұмысшыларға тыным жоқ. Кейде үлгермей кететіндіктен, халықтан сөгіс те еститін көрінеді.
«Облыс тұрғындары біздің жұмысқа түсіністікпен қараса дейміз. Бұл жәшіктер белгілі бір тұрғын санына ғана арналған. Көп адам тастап кететіндіктен, тез толып кетеді. Күресудің сан түрін қарастырып жатырмыз. Жақында көлікпен қоқыс таситындарға арнап, тақтайша ілдік. Енді бейнебақылау камерасын орнатамыз. Әйтпесе олар қоқыс тастауын қояр емес», – деді қоқыс таситын компанияның өкілі Cаламат Барамышов.
«Осындай шаралар қолданып жатырмыз. Осыған алдын алып, тоқтату керек осының барлығын. Бірінші ескерту сосын 20 МРП штраф салынуда. Бір айыппұл алған адам, екінші рет қайталамайды. Ол 20 МРП 55 мың теңге, аз ақша емес», – деді Наурызбай аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы Болат Оңғарбаев.
Рейд өткен бар болғаны 10 күннің ішінде 1000-нан аса адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оларды мамандар көліктің нөмірі арқылы іздеп тауыпты.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы