Ержан Бабақұмаров Алматыда МӘМС іске асырудың барысы туралы өңірлік штабтың отырысын өткізді

13.02.2021 02:53

МӘМС пакеті шеңберінде қала тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтуды кеңейту, сақтандыру мәртебесін, әсіресе кәсіпкерлік субъектілер қызметкерлерін өзектендіру мәселелері қаралды

zakon.kz

Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен онлайн форматта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске асырудың барысы туралы өңірлік штабтың отырысы өтті. Отырыс жұмысына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаева қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

МӘМС пакеті шеңберінде қала тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтуды кеңейту, сақтандыру мәртебесін, әсіресе кәсіпкерлік субъектілер қызметкерлерін өзектендіру мәселелері қаралды.

Қордың Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, қала бойынша 183 денсаулық сақтау субъектілерімен ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде қызмет көрсету шарттары жасалған. Қаржыландыру көмектің барлық түрлері бойынша, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша — 7%-ға, профилактикалық тексерулер — 162%-ға, консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша — 49%-ға, онкогематология бойынша — 17%-ға, гемодиализ бойынша — 6%-ға, стационарды алмастыратын көмек — 13%-ға, стационарлық көмек — 8%-ға, қалпына келтіру емі — 63%-ға, паллиативтік көмек — 12%-ға, әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша өсім — 18%-ға ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында COVID-19 коронавирусымен күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін қаражат бөлінді. Алматы қаласы бойынша медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне 2020 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында жалпы сомасы 16,7 млрд тг ынталандыру төлемдері жүргізілді. 1 қызметкерге берілген төлемнің орташа сомасы 328 033 тг құрайды.

Ақпараттық жүйелердің деректері бойынша халықты МӘМС жүйесімен қамту бойынша оң динамика байқалады. 2020 жылдың 1 тамызынан бастап жыл соңына дейінгі кезеңде Алматы қаласы бойынша сақтандырылмаған адамдардың саны 22,6-дан 15%-ға қысқарды.

Шағын және орта бизнес субъектілері жұмыскерлерінің тізімдерін өзектендіру маңызды мәселе болып қала береді. Алматы қаласы бойынша 2020 жылдың соңына дейін МӘМС төлеуден босатылған ШОБ саны — 116 604. Олардың 68,2%-ы өз қызметкерлерінің тізімдерін өзектендірді немесе МӘМС үшін аударымдар мен жарналарды төледі. «Saqtandyry» АЖ-не шағын және орта бизнес субъектілерінің осы қызметкерлер деректерін енгізу мерзімі 2021 жылғы 1 тоқсанның соңына дейін ұзартылды.

Бұдан басқа, ТМККК және МӘМС пакеттерінде медициналық қызметтерді алу мәселелері бойынша медицина қызметкерлерінің білім деңгейін, сондай-ақ сақтандырылу мәртебесін анықтауға бағытталған «Құпия пациент» жобасының қорытындылары айтылды. Осылайша, 26 медициналық ұйымдар арасында пациенттердің қанағаттану индексі «өте жоғары» — 81-100%, қалған 34-і «жоғары» деп белгіленді. Тіркеу бөлімі мен колл-орталықтарда медицина қызметкерлерінің этикасы мен білім деңгейін арттыру бойынша жұмыс жалғасуда.

Отырыс барысында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармаларының, аудандық әкімдіктердің, мемлекеттік кірістер Департаментінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басшылары, медициналық мекемелердің бас дәрігерлері тыңдалды.

Қала әкімінің орынбасары өңірлік штабтың жетекшісі Ержан Бабақұмаров отырысты қорытындылады және бірқатар нақты тапсырмалар берді. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы «Атамекен» палатасымен және МКД-мен бірлесіп, бизнес субъектілері желісі бойынша деректерді түсіндіру және өзектендіру бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының басшыларына қала тұрғындарын МӘМС жүйесіне тіркеу және ақпараттық жүйелердегі деректердің дұрыс толтырылуын, сондай-ақ амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Сонымен қатар, медициналық мекеме басшыларына қызмет көрсету ережелерін бұзғаны, әсіресе жазбаларды тіркеу және іс жүзінде көрсетілмеген қызметтерді тіркегендері үшін жауапкершілікке тартылатындары туралы ескертілді.

Өз кезегінде, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ақтаева сақтандырылған тұлғалардың санын арттыру және медициналық қызметтерді үздіксіз көрсетуді қамтамасыз ету үшін төлемдер мен жарналар бойынша берешектерге жол бермеудің маңыздылығын атап өтті.