|
09.07.2020 | 00:09
3992

Алматыда Әуезов ауданының тұрғындары тұрғын үй ауласына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысына наразылық білдірді

Жауапты мамандар барлығын алдын ала бекітілген жоба бойынша істеп жатырмыз дейді

Алматыда Әуезов ауданының тұрғындары тұрғын үй ауласына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысына наразылық білдірді almaty.tv

Алматыда Әуезов ауданының тұрғындары көпқабатты тұрғын үй ауласына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысына наразылық білдірді. Олардың сөзінше, аулаға төселіп жатқан асфальт дұрыс жасалмаған. Ал жауапты мамандар барлығын алдын ала бекітілген жоба бойынша істеп жатырмыз дейді. Толығырақ Almaty.tv тілшіcі Назкен Еркін бейнематериалында.

Әуезов ауданындағы Ақсай-2 ықшам ауданының тұрғындары биыл аулаға абаттандыру жүргізілетінін естіп бастапқыда қуанып қалдық дейді. Бірақ құрылысшылардың аулаға қалай асфальт төсеп жатқанын көріп қуанышымыз су сепкендей басылып қалды деп күрсінді.  

Мұндағы тұрғындардың айтуынша аула аймағына асфальт төселместен бұрын қиыршық тас төселіп, битум сұйықтығы құйылуы керек екен. тек содан кейін ғана асфальт салынуы керек дейді. Бірақ тұрғындардың сөзіне қарамастан мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.


«Мен өзім құрылысшымын. Асфальттың қалай төселуі керегін білемін, айта аламын. Алдымен тасы бар, құм, сосын ұсақталған тас, битум салынғаннан кейін ғана асфальт төселуі керек. Бірақ мына құрылысшылар құмның үстіне бірден асфальт төсеп жатыр. Бұл дұрыс емес қой. Мұндай сапасыз тас жол ертең-ақ бұзылып шыға келеді», – деді қала тұрғыны Роза Оразгелдинова.

Жол құрылысы саласында 20 жылдық тәжірибем бар деген Роза Асқарбекқызы мұндай құрылысқа жол бермейтінін айтады. Сондай-ақ тұрғындар балалар алаңын да бетондап тастаған деп шағымданды.

«Балалар енді қайда барып ойнайды? Бұрын мына жерде балалар ойнайтын құм бар еді. Оны алып тастап, үстіне цемент құйып тастаған. Балалар бір жерін жарақаттап алады ғой», – деді қала тұрғыны Мансия Әбілқасымова.

Әйтсе де тұрғындар құрылыс жұмыстарының жылдам жүріп жатқанын айтады. Құрылыс басталғанына бір апта уақыт болған екен. Ал аудан әкімдігі асфальт жабындысы жобада көрсетілген барлық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатыр дейді.

«Автокөлік жолдары мен аула аймағына төселетін асфальт жабындысының арасында айырмашылық бар. Мәселен, жол құрылысында тас араласқан құм, қиыршық тас, ірітүйіршікті қабат, сосын ұсақ түйіршікті қабат болады. Ал аулаға төселетін жабындыда тас араласқан құм содан кейін 5-6 сантиметр асфальт салынады. Бұның бәрі бізге берілген жоба бойынша жасалып жатқан жұмыстар», – деді  Әуезов аудандық коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Олжас Мұхамеджанов.

Мамандардың сөзінше құрылыс барысы күнделікті авторлық және техникалық қадағалаудан өтеді. Ал балалар алаңында бетоннан кейін балалар ойнайтын заманауи құрылғылар орнатылып, сол жерге резенке жабынды төселмек. Сондықтан балалар жарақат алады деп қорқудың қажеті жоқ дейді жауаптылар. Жалпы Әуезов ауданы бойынша биыл 200-ден астам аула жаңармақ.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир