Интернетпен қаладағы барлық автобустар мен троллейбустер жыл соңына дейін толықтай қамтылмақ
Алматыда 500-ге жуық қоғамдық көлікке тегін интернет орнатылды. Wi-fi желісін тұрғындар алдағы дүйсенбіден бастап қолдана алады. Интернетпен қаладағы барлық автобустар мен троллейбустер жыл соңына дейін толықтай қамтылмақ. Аталған жоба алматылықтар мен қала қонақтарына интернеттің қолжетімді болуы үшін қолға алыныпты. Қоғамдық көліктерді дамытып, жолаушылардың ыңғайы үшін тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.
Дүйсенбіден бастап қаладағы барлық қоғамдық көліктерде ақысыз интернет жүйесі іске қосылады. Бүгін жобаның таныстырылымы өтіп, мамандар 500-ге жуық автобус пен троллейбусқа Wi-fi құрылғысын орнатып қойған.
Қоғамдық көліктердегі тегін Wi-fi-ға қосылу үшін әдеттегідей смартфондағы Wi-fi батырмасын басамыз. Сол кезде мынадай сілтеме шығады. Осыны түртсеңіз болғаны. Міне телефонда интернет қосылып тұр.
Интернет қондырғылары жылдың соңына дейін барлық автобус пен троллейбуста қолжетімді болады. Тіпті, жоба жасаушылары метроға да орнатуды көздеп отырмыз дейді.
«Ғаламтор кез келген бағыттарда істейтін болады. Мәселен бір автобустан келесісіне отырған кезде автоматты түрде қосылып тұра береді, яғни бір рет авторизация жасалса болды. Мұндай тәжірибе Украина, Ресей, Испания сияқты елдерде кеңінен қолданылады. Егер жоба сәтті болса еліміздегі басқа да ірі қалаларды қамтуды ойлап отырмыз», – деді компания директоры Тимур Нұртаев.
Жолаушылардың жайлылығы үшін жасалып жатқан игі істер мұнымен шектелмейді. Қазір қоғамдық көліктерді жаңарту, автобус жүруге арналған қосымша жолақтар енгізу, жүргізушілердің мәдениет сапасын көтеру сияқты бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
«Компания тарапы қоғамдық көліктегі өндірістік жұмысты толықтай автоматтандыруға көшіру жобасын қолға алып жатыр. Дәлірек айтсақ, жүргізушіні медициналық тексерістен өткізуден бастап линияға шығуына дейін, техникалық тексерістері, барлығы автоматты басқару жүйесіне көшіріледі. Қазір бір автобус паркі сондай толық автоматтандырылған түрде жұмыс істеп жатыр», – деді Ризван Цинаев «Алматыэлектротранс» ЖШС директоры.
Жалпы, қалада жолаушылар тасымалдайтын көліктерді жаңарту жұмыстары 2016 жылдан бері іске асып келеді.
Жыл соңына дейін 200-ге жуық мынадай газбен жүретін қоғамдық көлік сатып алынады. Қазірдің өзінде 28 бағыт бойынша 500-дей автобус жаңарып үлгерген. Сондай-ақ, қала маңына қатынайтын бұрын соңды болмаған 17 бағыт ашылыпты.
Ашылған жаңа бағыттардың ішінде Талғар, Есік, Жетіген, Қаскелең, Өтеген батыр, Қызыл Ту, Қоянқұс сияқты бірқатар елдімекендер бар. Бұған дейін қала шетіне қатынайтын автобустардың барлығы дерлік тозып кеткен еді, енді бұл олқылық түзеліп келеді дейді мамандар.
«Соңғы екі жылдың ішінде алматы қаласында мыңға жуық қоғамдық көлік жаңарттық. Ол 70-80 пайыз деген сөз. Арнайы жолақтарды ұйымдастыырп жатырмыз. Мысалы, Алматы-1-ден «Саяхат» автобекетіне дейін бұрын жол уақыты 35-40 минут алатын, ал қазір арнайы жолақ жасағаннан кейін көп болса, 10-15 минутты алатын болды», – деді Қалалық мобилділік басқармасының бөлім басшысы Әсет Төлеуішов.
Бұдан бөлек 2021 жылдың соңына дейін троллейбус желілері де жаңарып, жетілдірілмек. Бүгінде қала бойынша 1900-ға жуық қоғамдық көлік бар. Алайда халық сұранысын толық қамту үшін әлі де мыңға жуық транспорт керек екені анықталып отыр.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы