130 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылған
Кәсіпкерлер карантин талаптарын елейтін емес. Алмалы ауданындағы кезекті рейд барысында сұлулық салонының санитариялық нормаға мүлдем сай келмейтіні анықталды. Күн сайын рейд жасалса да, кәсіпкерлер тиісті талапты неге ескермей жатыр? Almaty.tv тілшісі анықтап көрді.
Сән салонынан санитариялық құралдардың ешбірі табылмады. Мұнда бетперде мен қолғап атымен жоқ. Келушілермен тікелей жұмыс жасайтын шаштаразда да медициналық маска тақпаған. Ал, мұнда келетіндерді былай қойғанда қызметкерлердің де қызуы өлшенбейді екен.
Оқиға орнынан:
– Жаңа біз кіріп келген кезде қызметкерлеріңіздің ешқайсында маска жоқ, қолғап жоқ. Баланың шашын алып отыр. Қазір де маскасыз жүр.
Айта кетейік, санитариялық талаптарға сәйкес елімізде уақытша қорқор тартуға тыйым салынған. Ал, тексеруші мамандардың айтуынша мына дәмханадан қорқор табылмағанымен, оның иісі мүңкіп тұрды. Алайда мекеме қызметкерлері оны жоққа шығарды. Сондай-ақ, қонақтар арасында 2 метр арақашықтық сақталмаған.
«Рейд шаралары барысында көптеген құқықбұзушылықтар анықталды. Оны айта кететін болсақ, көбіне арақашықтық сақталмайды. Сонымен қатар, маскалық режимді сақтамайды», – деді Алмалы ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Дәурен Шаменов.
Келесі тамақтану орнындағы жағдай да мәз емес. Дәмхана қызметкері келушілерге бетпердесіз қызмет көрсетіп отыр. Қызу өлшейтін құрал да істен шыққан. Медициналық масканың да қорын көрсете алмады. Енді кәсіп иесіне сот шешімімен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін дейді.
«Бұл қоғамдық тамақтану нысан карантиндік ережелерге сай келмейді. Үстелдердің арақашықтығы сақталмаған. Қызметкерлер бетперде тақпаған. Қызметкерлерге насихаттау жұмыстары да жүргізілмепті», – деді Алмалы ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Меруерт Қасымова.
Алмалы ауданы бойынша осы уақытқа дейін 300-ге жуық нысан тексеріліп, 130 нысан әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, карантин ережелерін бұзған 51 мекеменің жұмысы тоқтаған.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы