Алматыда күзгі жауын шашын кезіндегі су тасқынының алдын алу шаралары басталып кетті. Төтенше жағдайлар департаменті мен құтқару қызметі қаладағы өзендер мен арықтарды тазалап жатыр. Қалада нөсер жаңбыр жауғанда судың жайылу қауіпі бар ма? Тұрғындардың қауіпсіздіігі қаншалықты қорғалған? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын Алатау ауданында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып келді.
Алатау ауданына қарасты төтеншеліктер Қарғалы өзені аумағын тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстардан тазартудан бастады. Жалпы Алатау бөктеріндегі өзендердің су деңгейі көтерілсе, қала ішіндегі бірқатар өзен аңғары мен арықтар сыр беруі мүмкін. Дені Алатау мен Наурызбай аудандарында орналасқан. Бүгінгі бірлескен жұмыстардың мақсаты да осындай қауіпсіздіктің алдын-алу.
«Ауданымызда 6 мекенжай бойынша арықтар үлгермей қалады су жіберуге. Солар бойынша да дайындықтар жүргізілуде. Ол дайындықтарды күнделікті бақылауда ұстап отырамыз», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.
Жалпы аудан бойынша өзен аңғарларын тазарту жұмыстарына 125 арнайы техника мен 230 адам жұмылдырылды. Одан бөлек, аудан әкімдігі 5 мердігер ұйымның көмегіне жүгінген. Ауқымды жұмыс Райымбек даңғылынан бастап Оңғарсынова көшесіне дейінгі 450 метрге созылды. Қазан айының басында басталған тазарту жұмыстары ай соңына дейін жалғасады.
«Алатау ауданы бойынша үлкен өзендерден терреториясы ағып өтетін Оңтүстіктен басталып, солтүстік бағытқа қарай Қарғалы өзені, Үлкен Алматы, Терең қара олардың кіші сағалары бар. Сағалардың бәрінде жеке құраммен тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Алатау аудандық ТЖБ бас маманы Марат Есәлиев.
2017-2018 жылдары республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қарғалы өзенінің төменгі сағасында су тасқынының алдын-алу мақсатында арнайы бөгеттер орнатылған. Мамандар нәтижесінде ауданда жазық жерлер мен жер үйлердің су басу қауіптілігі жойылғанын айтады.
«Өткен жылдары біздің ауданымыз бойынша оқыс оқиғалар тіркелген жоқ, десе де аудандағы жеке сектордағы үйлерге су кірген жағдайлар болды. Олардың бәрін дер мезетте, өз уақытында тазалау іс-шараларын жүргіздік», – деді Алатау аудандық ТЖБ инженері Дастан Нұрғалиев.
Көше бойындағы арықтарды мердігер ұйым өкілдері күнделікті тазаласа да, тұрғындар тарапынан тұрмыстық және басқа да қалдықтар ретсіз тасталатынын жасырмады. Салдарынан қоқысқа толған арықтың кесірі көп. Жаңбыр жауса, бітеліп, арты апатты жағдайларға әкелетіні айтпаса да түсінікті. Сол себепті сала мамандары үй жанындағы өзен аңғарларын таза ұстауға кеңес береді.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» арнасы