Платформаның қандай игі тұстары бар?
Енді белгілі бір мекенжайда коммуналды қызметтерді шынтуайтында нақты қанша адам тұтынатыны, нысанның көлемі немесе нысанға қаншалықты коммуналды ресурстар керек екені туралы деректерге қол жеткізу оңайға түсетін болады. Жыл соңында «Алматы қаласының бірыңғай деректер базасы» іске қосылмақ. «Ақылды қала» жобасының аясында сынақ режимінде жүзеге асып жатқан деректер жүйесі қазірдің өзінде өз нәтижесін бере бастаған. Платформаның қандай игі тұстары бар? Бұл кімдерге тиімді болады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Қаланың әрбір саласындағы есеп-қисапты түгендеп, деректерді сараптап отыру үшін ортақ база ауадай қажет дейді мамандар. «Алматы қаласының бірыңғай деректер базасы» қаланың қажеттіліктерін, инфрақұрылымын, түрлі саладағы жүктемелерді дәл анықтауға таптырмас құрал болмақ. Бұл платформаның өзге жүйелерден артықшылығы онда тек мемлекеттік мекемелердегі деректер ғана емес жеке компанияларда бар мағлұматтар да болады. Әрі олар үздіксіз жаңарып отырады.
«Қала бойынша маңызды деректердің көбі жеке компанияларда сақталған. Транспорт холдингілерінде, коммуналды қызмет көрсететін ұйымдарда, сақтандыру компаниялары мен мобильді операторларда біраз мәлімет бар. Қазір қалада түрлі ақпарат жинайтын бейнекамера, «Ашық» қосымшасы сияқты «ақылды құралдар» пайда болып жатыр. Мұның бәрін сараптап, саралауға үлкен жүйе керек», – деді қалалық цифрландыру басқармасы деректерді басқару бөлімінің басшысы Аида Дәрменова.
Қалалық цифрландыру басқармасы «Ақылды қала» жобасы аясында базаны тәжірибе жүзінде байқап көруге бірнеше компаниямен бірігіп жұмыс істеуді бастаған. Мысалы, биыл «Алматы су» мекемесінің деректер базасы интеграцияланып, нәтижесінде тұтынушылар саны бірден 258 мыңға дейін көбейген. Яғни, суды нақты қанша адам қолданады және оған қанша ресурс кетеді деген сияқты деректер белгілі болған.
«Айту керек, тұрғындардың жеке деректері платформаға шығарылмайды. Біз тек қызмет көрсетушілерге мекенжайда тіркелген нақты адамдардың санын ғана береміз. Деректердің кей бөлігі digital-almaty.kz сайтында құрылатын арнайы «ІТ-құм жәшігінде» болады. Сол жерден кез келген адам ақпар ала алады», – деді қалалық цифрландыру басқармасы деректерді басқару бөлімінің басшысы Аида
Жобаны толық іске қосу үш бөлікке бөлінген. Бірінші әлеуметтік кластер жүзеге асады. Онда денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қорғау сияқты саладағы бар дерек жиналады. Келесі жылы өндірістік, сосын экономикалық кластер қосылады.
«Деректерді басқару форматы біз үшін өте маңызды. Мәліметтерді басқаруда қолданылатын әдістің ең дұрыс нұсқасын қалыптастыру керек. Қазір жүзеге асырғалы отырған формат елімізде де, ТМД елдерінде де теңдесі жоқ жоба», – деді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.
Сондай-ақ, биыл қаланы цифрландыру бойынша телекоммуникация инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жүрді. Әсіресе, шеткі аудандарға талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту, сымсыз интернетпен қамту сияқты шаруа атқарылған.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы