Мамандар дезинфекциядан соң 2 сағаттан 5 сағатқа дейін сыртқа шықпауға кеңес береді
Алматыда жасалып жатқан дезинфекция жұмыстарына қатысты халықтың пікірі өзгеше. Әлеуметтік желілерде жазылған кейбір жазбада пневмонияға дәл осы тазалық үшін шашылған ерітінділер себеп деген пікірде. Сұйықтықтардың адам және жануар денсаулығына зияны бар ма? Қоспаларда улы заттар болуы мүмкін деген ақпарат қаншалықты рас? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай мамандардың пікірін біліп қайтқан еді.
Шаһарды залалсыздандыруға отандық екі өнім, яғни Акмафлор және глюзамин қолданылады. Ерітінділер оба, тырысқақ, сібір жарасы, гепатит және басқа да вирусты инфекциялар қоздырғыштарына қарсы бактерицидтік әсерге ие. Препараттардың қауіптілігі ең төменгі санатқа жатады. Бұл олардың тірі ағзаларға ешқандай зияны жоқ деген сөз. Мамандар дезинфекциядан соң 2 сағаттан 5 сағатқа дейін сыртқа шықпауға кеңес береді.
«Қауіптілігі төртінші топқа жатады. Ол дегеніміз адам мен жануар денсаулығына зиян алып келмейді деген сөз. Күнделікті ол дезинфекциялық препараттарды үйде де қолдана алады», – деді Қалалық Балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Баянсұлу Табинова.
Сондай-ақ, кейбір тұрғындар сұйықтықтан шығатын өткір иіске алаңдаушылық білдіретін көрінеді. Бұл ерітінділердің құрамындағы химикаттардың әсерінен дейді мамандар.
«Глюзамин препаратының иісі жоқ болып келеді. Ал, Акмахлордың өзіне тән иісі бар. Сол себепті кейбір өңдеу жүргізілетін жерлерде препараттың иісі болуы мүмкін. Кей жерлерде болмауы да мүмкін», – деді Қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті жұқпалы және паразиттік ауруларды қадағалау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова.
Ерітінділер карантинге дейін де Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде, ауруханалар мен оқу орындарында ылғалды тазалау шаралары кезінде қолданылып келген. Тек концентраттарды тиісті мөлшерде дайындау керек. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары да қоспалар қауіпсіз деп сендіріп отыр.
«Қазіргі таңда ойын, тұрғын үй алаңдарында дезинфекциялау шаралары өткізіледі. Дезинфекция жасалғанда оның құрамында болған ерітінділер адамзат денсаулығына зияны жоқ», – деді Түрксіб ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Серік Қожаханов.
Мегаполис бойынша барлық тұрғын үй аптасына 2 рет залалсыздандырылады. Ал, дезинфекция жұмыстарына жалпы 1500-дей маман тартылған. Шаралар карантин соңына дейін жалғасады.
Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы