Алматыда жұмыссыз тұрғындар үшін пандемия кезінде аса маңызды 23 мамандықты тегін игеруге мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама іске қосылды. Сондай-ақ, биыл жұмыспен қамту орталығы арқылы оқып жатқандардың шәкіртақысы 20 мың 949 теңгеге көтерілді. Карантинде табыссыз қалғандар үшін бұл жобаның тиімділігі қандай және оған ілігу үшін не істеу қажет? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатсын.
Мегаполисте жұмыссыздар санын қысқарту үшін жұмыспен қамту орталығы карантин кезінде аса сұранысқа ие 23 мамандықты оқытуды көздейтін «Еңбек» бағдарламасының жаңа жобасын іске қосты. Атап айтқанда, вэб-дизайнер, наубайшы, визажист, электр мен газ маманы және аспаздық, сондай-ақ, тігін өнерлерін бар-жоғы 3 айда оқуға болады.
Осылай жұмыспен қамту орталығы арқылы тігін өнерін игеремін деп келген қыз-келіншектер алғашқы сабақтарда сызу, кесу, өлшемін алу секілді әдістерді үйренеді. Кейін оқытушының нұсқауымен түрлі киімдер мен өзге де бұйымдарды тіге бастайды. Қазіргі таңда топта 10 адам бар және олардың барлығы бір ауыздан алдағы уақытта бұл оқыту жұмысқа орналасуға септесіп, тығырықтан шығуға көмектеседі дейді.
Дәл осындай пікірдегі 3 баланың анасы Сәуле Байтұрғанованың мамандығы қаржыгер. Бірақ жастайынан тігінші болуды армандаған. Карантин кезінде тіпті табыссыз қалғандықтан «Еңбек» бағдарламасы арқылы қолөнерді үйреніп, алдағы уақытта өз кәсібін бастамақшы.
«Жабылды ғой бәрі. Жұмыс жоқ. Енді, міне, 6 ай болды ма карантинге, үйде қол қусырып отыра алмаймыз ғой. Осы бос уақытта оқып алайық деген ниетпен келдік. Осы бірінші ай оқып жатқанымызға. Аллаға шүкір, көп нәрсені үйрендік бірінші күннен. Бізді кәдімгідей дайындап жатыр тігінші қылып», – деді қала тұрғыны Сәуле Байтұрғанова.
Ал, Айгүл Кенжебаева 20 шілдеден бастап шаштараз мамандығын онлайн игере бастаған. Жалғызбасты ана үшін онлайн білім алу бастапқыда қиындық туғызған. Десе де, мақсатына жету үшін бәріне дайын екенін айтады.
«Мамандығымды бітіргеннен кейін, естуім бойынша грант беріледі екен. Оқуымды бітіріп, жұмысқа орналасып, сосын болашақта өзімнің кәсібімді ашқым келеді», – деді қала тұрғыны Айгүл Кенжебаева.
Тек бағдарламаға ілігу үшін кез келген тұрғын жеке куәлігі мен оның көшірмесін, тұрғылықты немесе уақытша мекенжайының анықтамасы мен банктен IBAN шотты және еңбек кітапшасын өткізу қажет.
«Оқу мерзімі 1 ай мен 6 айдың аралығында жүреді. 95 пайыз оқуымыз 3 айлық болып табылады. 1 ай теориясына және 2 ай тәжірибесіне барады. Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылдың шәкіртақысы 20949 теңгеге көтерілді», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқыту бөлімінің маманы Қымбат Тілемісова.
Қазірдің өзінде шілде айынан бері 360 адамды оқыту басталып кеткен. 2021 жылға дейін 1000-ға жуық тұрғынды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Аяулым Көлжігіт, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы