Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасы аясында жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдар белгілі болды

Алматы қаласында 340-тан астам жоба жүзеге асырылмақ
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Бюджетке қатысу»  бағдарламасыаясында жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау байқауы аяқталды. Енді топ жарған компания шаһарды көріктендіруге кіріседі. Нәтижеде, бұрын қаңырап бос жатқан жерлер, халық демалатын жайлы қоғамдық орындарға айналады. Халық ұсынған жобалармен танысқан Almaty.tv  тілшісі Жанар Ғаниқызы жалғастырады.

Мамыр айында бұл жерде жөндеу жұмыстары басталады. Мына ескі құрылғылардың барлығы ауыстырылып, сужаңа балалар алаңқайы мен ворк аут спорт бұрышы салынбақ. Одан бөлек мұнда жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

«Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында Әуезов ауданында 22 жобалық жұмыс ұсынылған. Оның 14-і балалар ойын алаңы және 8-і түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары. Оның ішінде спорт алаңдарын салу, жарықтандыру желілерін орнату, жолдарды жөндеу жұмыстары бар. Қазіргі таңда мердігерлік ұйымды анықтау байқауы өз мәресіне жетті. Бүгінде екіжақты келісім-шарт жасалып жатыр. Мамырда басталатын жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады деп күтілуде.

«Бүгіннен бастап біз нысандарды аралап жүрміз. Келесі айда бұл жерде жөндеу жұмыстары басталады. Біз күнделікті мониторинг жасап, жұмыстың сапалы орындалуын қадағалап отырамыз.  Жалпы «Бюджетке» қатысу аясында Әуезов ауданында көбінесе балалар алаңы жаңаратын болады», – деді Әуезов ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Кәкетаев.

Алмалы ауданындағы «Аро» саябағында осы бағдарлама аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда заманауи Лед жарықтары орнатылып, жаңа орындықтар мен қоқыс тастау жәшіктері қойылады. Одан бөлек балалар және спорт алаңдары жаңартылып, көгалдандыру жұмыстары жасалмақ. Сонымен қатар, ит қыдыртатын арнайы алаң мен модульді дәретхана орнату жоспарланып отыр. Жалпы «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында Алмалы ауданында барлығы 70 жоба бойынша жұмыс жүргізілмек. Оның ішінде көшелер мен саябақтарды абаттандыру, модульді дәретхана және қоқыс жәшіктерін орнату, аулалардағы жөндеу және тағы басқа жұмыстар бар.

«Қазіргі таңда Мердігерлік ұйым белгілі. сәуір айының аяғында жөндеу жұмыстары басталады. Бұл скверде жарықтандыру желісі, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалар алаңы жаңартылады. Ал біз өз тарапымыздан мердігер ұйым өкілдерінің жұмысын күнделікті келіп бақылап отыратын боламыз», – деді Алмалы ауданы көріктендіру бөлімінің бас маманы Абылай Мәкей.

Айта кету керек, биыл «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында Алматы қаласында 340-тан астам жоба жүзеге асырылмақ. Оған 6,5 миллиардқа жуық қаржы бөлінген. Қазіргі таңда аудандарда жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер ұйымды анықтау байқауы мәресіне жетті. Барлық жұмыстар күздің басында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жанар Ғаниқызы, Ялкунжан Ашимжанов, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Графика:

Алмалы ауданы бойынша:

Барлығы - 70 жоба;

5 көше, 3 саябақты абаттандыру;

4 модульді дәретхана орнату;

19 көшеде 1610 қоқыс жәшігін орнату;

24 аулада ағымдағы жөнеу жұмыстары.

Новости партнеров