Алматыда биыл «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 266 жоба жүзеге асады

almaty-akshamy.kz
almaty-akshamy.kz
Былтыр саябақтар, спорт және балалар алаңдары, аулалар абаттандырылып 49 жоба жасалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында 266 жоба жүзеге асады. Әсіресе, қалаға кейіннен қосылған аудандарға көптеп көңіл бөлінбек. Былтыр саябақтар, спорт және балалар алаңдары, аулалар абаттандырылып 49 жоба жасалған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Наурызбай ауданында тұратын Галина Иванова «Ақжар» зиратының айналасын «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында абаттандыруды ұсынған. Жоба сайтта жергілікті халық тарапынан қолдау тауып оны биыл іске асыру мақұлданыпты. Сөзінше, мұнда жаназа кезінде жұрт көліктерін қаңтаратын жер таппай жолды жауып тұрғындарға ыңғайсыздық тудыратын көрінеді.

«Одан бөлек мұнда жүргіншілерге арналған арнайы жол жоқ. Сондықтан тротуарлар, арық жүйесі керек. Ал бейіттер тұрған жартас уақыт өте үгітіліп қауіпті болып барады. Сол жарды бекітіп жанына көлік тұрағын салуды жоспарлап отырмыз. Зират жиегін қоршап барлық тұрғынға ыңғайлы болуын ойластырдық. Ұсынылған жобамыздың биыл іске асатынына ризамыз», – деді қала тұрғыны Галина Иванова.

Құрылыс жұмыстары көктемде басталады. Жобаны жасауға 45 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылып сметалық құжаты әзірленіп қойған. «Бюджетке қатысу» бағдарламасы былтыр тек пилотты жоба болған еді. Енді тұрғындар арасында кеңінен қолдау тапқандықтан өрісі кеңейді. Мәселен, Наурызбай ауданында өткен жылы  жалпы 32 жоба ұсынылса соның 8-і іске асқан. Ал биыл, әсіресе, шеткі аудандарға ерекше көңіл бөлініп елге жайлылық сыйлайтын 50 жоба жүзеге аспақ.

«2021 жылға жалпы 105 жоба ұсынылған болатын. Бүгінде 50 жоба мақұлданып жалпы құны 1 млрд 264 млн теңгені құрайтын болды. Осы жылы бұл жұмыстар толықтай аяқталатын болады. Мысалға алатын болсақ, балалар ойын алаңдарының жөндеу жұмыстары, көгалдандыру, жарықтандыру, арық жүйелері мен қоқыс алаңдары сияқты басқа да нысандарды жөндеу көзделіп отыр», – деді Наурызбай аудандық қаржы шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ержас Әбдірахман.

Бағдарламаның басты шарты ұсынылатын жоба көпшілік қолданатын жер болуы тиіс әрі сол жерде тұратын халықтың қолдауын табуы керек. Жоба кемінде он адам дауыс бергенде ғана қарастырылады. Биыл тұрғындардан 795 жобаға ұсыныс түскен. Оның ішінде 266-сы іріктеуден өткен.

Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров