Алматыда денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен адами капиталды жаңғыртуға аса басымдық берілмек

Алматыда денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен адами капиталды жаңғыртуға аса басымдық берілмек
Бұл қалалықтарға бұрынғыдан да қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуына мол мүмкіндік бермек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі баяндамасында денсаулық сақтау жүйесін дамыту мен адами капиталды жаңғыртуға аса басымдық берілетінін атап өтті. Оған дәлел алдағы уақытта бірнеше медицина мекемесінің құрылысы бой көтереді. Бұл қалалықтарға бұрынғыдан да қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуына мол мүмкіндік бермек. Білім, денсаулық, спорт сынды басым бағыттар турасында Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.  

Қала әкімі өз баяндамасында денсаулық сақтау саласына ерекше тоқталды. Бұл бағытта атқарылар жұмыс ауқымды. Соның бірі Құлжа тас жолы бойында тұтас медициналық кластер салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 250 орынға арналған заманауи онкологиялық орталық салу да көзделуде. Бұл хирургиялық емдеу мен химиотерапияны соңғы үлгідегі әдіспен істейтін орын болмақ. Одан бөлек, 250 орынды жұқпалы аурулар инфекциялық ауруханасы салынбақ. Осылайша, қала халқына жоғары технологиялы медициналық қызметтер қолжетімді бола түседі.

«Қаланың медициналық ұйымдарында кадр тапшылығын жою жобасы бекітілді. Өте тапшы дәрігерлік мамандықтар бойынша резидентурада дәріс алу үшін 120 грант бөлінеді. Біліктілікті арттыру шеңберінде соңғы 5 айда 1253 дәрігер мен медбике, сондай-ақ егу пункттерінде жұмыс істеу үшін мыңға жуық еріктілер арнайы курстан өтті», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған «Алматы жастары 3.0» мемлекеттік бағдарламасы аясында талай жас маман пәтер кілтіне ие болды. Жоба жыл сайын түрлі саладағы мың адамды баспанамен қамтуды көздейді. Былтырдың өзінде 35 жасқа дейінгі 300 медицина қызметкері қоныс тойын тойлады. Соның бірі – Азиза Біржанқызы. Жас маман аз уақыттың ішінде армандаған пәтеріне қол жеткізгеніне қуанышты.      

«Бұл бағдарламаны тиімді деп ойлаймын, әсіресе, жастарға. Ешқандай банк 5 пайызбен үй бермейді. Қала әкімдігіне көп рақметіміді айтқым келеді. Өйткені Алматы қаласынан пәтер алу оңай емес деп ойлаймын», – деді эпидемиолог дәрігер Азиза Нүсіпжанова.

Білім – кемелді келешек кепілі. Бұл бағыттағы мәселелерді шешу мен әр кез дамытып отыру қашанда қала билігінің назарынан тыс қалған емес. Қазір шаһарда 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы жекеменшік білім беру ордасы. Сонымен бірге, 17 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы салынуда. Нәтижесінде қаладағы үш ауысымды мектептер мен білім беру нысандарындағы орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

«Менің балаларым Рахаттағы мектепке барып оқиды. Ол 90 орындық, ескі мектеп. Сол Рахатта жаңа мектептің құрылысы басталды. Өте қуанышты болатын едік, сол мектептің құрылысы аяқталса. Біздің көңіліміз тыныш, балаларымыздың да сабағы жақсы болатын еді деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Дана Нұркімбаева.

«Менің 6 балам Алатау ауданындағы №152 мектепке барады. Бізге өте қиын екі ортаға қатынау, балаларымызды күнде ары-бері апарғанға. Дархан ықшам ауданында мектеп ашылады деп жатыр. Қуанып жатырмыз, балалар біздің болашағымыз ғой. Қандай ата-анаға жаман? Баласы жақсы, жылы, жайлы жерде оқыса», – деді қала тұрғыны Айтолқын Сәрсенбаева.

Сондай-ақ, биыл 4200-ден астам мектеп жасындағы баланы тегін үйірмелермен қамту жоспарланған. Ол үшін бюджеттен 500 млн теңге қарастырылған. Енді оқушылар үшін түрлі спорт секцияларына тегін қатысуына жол ашылады.  

Одан бөлек, қала басшысы өз баяндамасында балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту да басты назарда екенін атап өтті. Бүгінде Алматыда 832 балабақша бар. Қазір қаланың әр аумағында 4 мемлекеттік бөбекжайдың құрылысы жүріп жатыр. Оның 3-еуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Осылайша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшаға орналастыру 91 пайызға дейін жетеді.

Ұлағат Арғын

Новости партнеров