Алматыда 8 жаңа мектеп пен 17 қосалқы ғимарат пайдалануға беріледі
Алматыда жаңа оқу жылында 8 жаңа мектеп пен 17 қосалқы ғимарат пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның ішінде Бостандық ауданындағы №199 гимназия жанынан жаңа бой көтерген жапсарлас білім ордасының құрылысы аяқталуға жақын. Бейнелеу өнері саласындағы дарынды балалар мектебінде 900-ге жуық оқушы білім алатын болады.
Гимназияда негізгі мектеп пәндері мен бейнелеу және қолданбалы өнер негіздері, сондай-ақ, итальян тілі тереңдетіп оқытылады. Өнер ордасы 3 жыл ішінде жақсы көрсеткіштерге жеткендіктен алматылық ата-аналардың көпшілігі балаларының осы оқу орнында дәріс алғанын қалайды.
«Балалар кешке дейін оқығандықтан, біз бұл ғимаратқа сыймаймыз. Әкімдіктен бізге қосымша ғимарат салып беруін сұрадық. Енді Алматы қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз», – деді №199 мамандырылған гимназияның директоры Сандуғаш Нышанова.
Мектептің жанындағы қосалқы ғимараттың құрылысы былтыр мамырда басталған. Қазір мектеп тек 9-сыныпқа дейінгі 430 баланы қамтуға қауқарлы. Ал, қосымша білім ордасының құрылысы аяқталған соң мұнда 11 сыныпқа дейінгі 900 бала оқи алады. Сондай-ақ, мұғалімдер үшін жаңа бос орындар ашылмақ.
«Бүгінде ғимаратта әрлеу жұмыстары жүруде. Жақын арада мектеп айналасын абаттандыруды бастаймыз. Яғни, жасыл-желек отырғызып, орындықтар мен шамдар қоямыз. Құрылыс жұмыстары тамызда аяқталады», – деді Жайлы қалалық орта басқармасының бас маманы Ерген Ергебеков.
Сондай-ақ, биыл мегаполсите 12 600 орынға арналған 8 жаңа мемлекеттік мектеп салынады. Ал, 4 мектептің жанынан жаңа қосымша оқу ғимараттарының құрлысы басталады.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов «Алматы» телеарнасы.