Биыл Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына келгендердің 70 пайызы мәселенің оң шешімін тапқан. Одан бөлек, 1 мыңға жуық азамат қайтарымсыз әлеуметтік көмек, несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал түрлі орталықтардың қызметтері халық қалай пайдаланды? Қарапайым жұрттың әл-ауқатын көтеру үшін 2020 жылы қандай жұмыс атқарылды? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы айтып берсін.
2020 жылы аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізілді. Осы мақсатта құрылған «Бақытты отбасы» орталықтары 25 мыңнан астам анаға заңгер, психолог кеңесі, қолөнер сабақтары сынды қызмет көрсеткен. Ал Алатау ауданының аз қамтылған отбасыларына арналған «дәстүрлі қолөнерді дамыту» іскер аналардың қатарын толықтырса, тең қоғам орталығы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмек көрсетеді. Шыңға өрлеу орталығы аға буын мен жас буын арасын жалғайтын көпір қызметін атқарса, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнет жасындағы қарияларға 20-дан астам қызмет түрін ұсынады. Оның ішінде скандинавиялық жүріс, сурет салу, айкуне, книезеология сынды үйірмелер бар.
«Орталық өте ұнайды. Бізге лайықты сабақтар жүріп жатады. Осындай айкүне, скандинавиялық жүріс, би, вокал сабақтары адамның көңілін көтереді», – деді зейнеткер Ақылай Ыбырайымқызы.
Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының мәлімдемесіне сәйкес, бүгінге дейін жұмыспен қамту орталығына 75 718 адам келіп , оның 70%-ы жұмысқа орналастырылған. Ал біліктілікті арттыру курстарына 1005 адам жіберіліп, 62%-ы еңбекпен қамтылған. Бұл бағытта 25 оқу орнымен 27 мамандық бойынша келісім-шарт жасалды.
«Біз жұмыспен қамту орталығына келгендердің 70 пайызын жұмысқа орналастырдық. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Қазіргі таңда бізде 12 мың бос жұмыс орны бар. Осы бойынша барлық жұмыс берушілер мен өтінім тастаушылармен бірге жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – алматылықтарды тұрақты жұмысқа орналастырып, олардың әл-ауқатын көтеру», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Айта кетейік, 2020 жылы 888 адам 555 мың теңгеге дейінгі қайтарымсыз несие алып, оның 557 мыңы өз кәсібін ашып үлгерген. Осы бағытта 2 956 адам «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздері сабағын алды. Мұндай мүмкіндіктер биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың санын екі есеге азайтқан.
Жанар Ғаниқызы, Рәшид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы
ГРАФИКА:
Қала бойынша:
«Бақытты отбасы» орталығы - 9;
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы - 9;
«Дәстүрлі қолөнерді дамыту» орталығы - 1;
«Ten Qogam» орталығы - 1;
«Шыңға өрлеу» орталығы - 5.
ГРАФИКА -2
Жұмыспен қамту орталығына 75 718 адам;
Оның 52 918-і, яғни 70%-ы жұмысқа орналастырылған.
1005 адам оқу курстарына жіберілді;
800-і, яғни 62%-ы жұмыспен қамтылған;
25 оқу орнымен 27 мамандық бойынша келісім-шарт жасалған.
ГРАФИКА-3
888 адам 555 мың теңгеге дейінгі қайтарымсыз нессие алған;
557 мыңы өз кәсібін ашқан;
«Бастау бизнес» бағдарламасы
кәсіпкерлік негіздері сабағын 2 956 адам оқыды;
Атаулы әлеуметтік көмек алғандар
2019 жылы - 12 мың отбасы;
2020 жылы - 5 674 отбасы.