Мұндай шаралар ауданның бірнеше жерінде ұйымдастырылған
Алматының Наурызбай ауданында да 1-наурыз «Алғыс күні» қарсаңында өзге этнос өкілдері қазақ халқына алғыс білдіру мақсатында бір шаңырақ астына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дүнген, ұйғыр, өзбек, орыс этностарының өкілдері ұлттық дәмдерден дастархан жайып ерекше датаны атап өтуді бастап кетті.
«Кішкентай уақытымда өзімнің есімде де бар. Көршілеріміз қазақтар болған. Қазақ, дүнген деп бөлінген жоқпыз. Балаларымыз бірге өскеннен кейін Құран оқысақ та, шәй берсек те шақырамыз көршілерді. Қазір де сөйтеміз», – деді Дүнген этносының өкілі Ризван Чимирова.
Мұндай шаралар ауданның бірнеше жерінде ұйымдастырылған. Отырыста қазақтың халық әндері орындалып, ақсақалдар елге жарқын болашақ тілеп бата берді.
«Алғыс күніне орай осындай отырыс жасауды ойладық. Қазақ, татар, ұйғыр болсын бәрі келіп жатыр. Бұл біздің бірлігімізді нығайтады», – деді Ұйғыр этносының өкілі Рашидам Саидова.
«Басқа ұлттар да өзіміздің бауырымыз сияқты. Бәріміз бір жерде, бір ауданда жұмыс істеп, бірге тұрып жатырмыз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Әлібай Жұбанкөзов.