Бостандық ауданының тұрғындары аула маңына заңсыз ғимараттың салынуына наразы

13.08.2020 в 06:25

Тұрғындар аула алдындағы мына қуықтай жер үшін шырылдап жүргендеріне айдан асқан

Бостандық ауданының тұрғындары аула маңына заңсыз ғимараттың салынуына наразы. Балалар алаңының жанына көлік жөндеу орталығының тұрғызылуына шағым білдерген азаматтар бүгін біздің арнамызға хабарласты. Айтуларынша, жер иесі тұрғындардың келісімінсіз    құрылыс жұмыстарын бастап, ауладағы өсіп тұрған ағаштарды түбімен қопарып тастаған. Мәселе қалай шешіледі? Құзырлы органдар бұған не дейді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын мәселенің мән жайын ашып айтсын.

Тұрғындар аула алдындағы мына қуықтай жер үшін шырылдап жүргендеріне айдан асқан. Жер иесі мұндағылардың келісімінсіз көлік жөндеу орталығын салмақшы екен. Тіпті су құбырын арық арқылы тартып, жұмыстарын бастап кеткен. Балалар алаңының жанына көлік жөндеу орталығының салынуна наразы топ өкілдері бүгін біздің арнамызға хабарласты.    

Тұрғындардың ашуын тудырған жер осы. Негізі жоспар бойынша бұл аймақ тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Жер сілкінісі немесе қандай да бір төтенше жағдай болғанда осы жер арқылы жер асты үңгіріне өту үшін. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер жеке тұлғаға өткен. Жеке меншік компания бұл жерге қандайда бір ғимарат салмақшы екен.

Одан бөлек, тұрғын-үй айналасындағы бірнеше ағашты әлдебіреулер тұрғындардың келісімінсіз  түбімен қопарып кесіп тастаған. Айтуларынша, ағашты кесіп, орнына құрылыс жұмыстарын бастамақшы екен. Ауланың көркіне айналған ағаштарды ауданның зейнеткерлері бірігіп немерелері үшін отырғызып, күтіп баптаған. Енді олар осынша еңбектің зая кеткеніне іштері күйеді.

«Біз эко-полицияға хабарласқанымызда олар бізге мына ұйымнан осы ағашты кессін деген ұсыныс түсті деп жауап берді. Ұйымға барғанымызда олар ондай ұсыныс айтқан жоқпыз дейді. Сосын жасыл экономикаға хат жаздық осы мәселе туралы. Олардан ешқандай жауап келген жоқ бізге», – деді қала тұрғыны Ернұр Бисебаев.

Қалалық жасыл экономика басқармасына біз де хабарластық. Мамандардың айтуынша, аталған мекенжайдың ағаштарын кесуге олардың тарапынан ешқандай рұқсат қағаз берілмеген. Сәйкесінше, жасыл желек заңсыз кесілген. Талап бойынша, басқарма басшыларының рұқсатынсыз кесілген бір ағаштың орнына 10 түп тал отырғызуға міндетті.  

«Ағаштарды заңсыз кесу бойынша табиғатты қорғау полициясы бар. Полиция 386-бап бойынша айыппұл салынады. Содан соң олар басқармаға кепілдік хат берулері керек. Мысалы, 1 ағаштың орнына 10 ағаш отырғыу керек. 3 ағаш кесілсе, 30 ағаш егу керек. Сосын оны екі жыл қарау керек. Екі жыл күтіп баптау солардың міндеті», – деді  қалалық жасыл экономика бөлім басшысы Олжас Жанысбаев.

Тұрғындардың айтуынша, жекеменшік компания өкілдері ара-тұра келіп құрылыс жұмыстарын жасайды екен. Ол үшін ортақ транформациядан тоқ тартатын көрінеді. Кесірінен, қаланың қақ ортасында отырып, күні бойы жарықсыз қалатын күндер де болады дейді олар.

«Сыртқа қоқыс төгуге шыққанымда, осы маңнан құрылыс жұмыстарын жүргізіліп жатқанын көрдім. Жарықтың өшу себебін сұрағанымда жақын уақытта бәрі ретке келеді деп қысқа жауап қайтарды», – деді қала тұрғыны Луиза Абулгалиев.

Аймақтағы құрылыс жұмыстарына қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жауапты. Олардан жауап алмақ болып, сауал хат жолдағанымызда мәселенің жан-жақты қаралып жатқанын айтты. Оймақтай жердің әзірге кімнің пайдасына шешілері белгісіз.