Қаладағы дүкендердің кіреберісінде қызылды-жасылды жадынама көптеп ілінген
Қазір қоғамда бетперде тағу тұрмыстық мәдениетке айналып бара жатқандай. Дәрігерлер қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы маска тағу деп айтқаннан шаршаған емес. Қалада карантин уақыты әлі де сақтаулы. Десе де жеңілдетілген шараларға қала тұрғындары қаншалықты үйренді? Ал, шағын және орта бизнес нысандарының бүгінгі ахуалы қандай? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын алматылықтардың пікірін тыңдап келді.
Бүгінде қаладағы дүкендердің кіреберісінде мынандай толған қызылды-жасылды жадынама көптеп ілінген. Онда қауіпті індеттен сақтанудың жолдары мен қауіпсіздік ережелер жазылған. Қаладағы дүкендер мен сауда орталықтары да бұрынғыдай емес, сатушылар да, тұтынушылар да санитарлық талаптарға жауапкершілікпен қарауды үйреніп келе жатқан сыңайлы.
Тұрмысқа қажетті заттар мен киім-кешек сататын бұл Наурызбай аудандағы дүкен әкімшілігіне карантин кезінде ескертулер жасалған. Ал, қазір мұнда санитарлық талаптың толық сақталғанын көруге болады. Кіре берген сәтте бізді қолына тепловизор ұстаған қызметкер күтіп алды. Іште де қашықтыққа арналған арнайы жазбалар мен антисептиктер орналасқан.
«Таңертең келген жұмысшылардың барлығының дене қызуын өлшеп, маскамен кіргіземіз. Кимегендерді кіргізбеуге тырысамыз. Түсіндіріп айтамыз», – деді дүкен әкімшісі Айнұр Жанұзақова.
Соңғы уақытта алматылықтар да бетперде тағуға ерекше ден қоя бастаған. Олар дүкен мен дәріханаларға кірерде бетперде болмаса, сауда жасай алмайтынын айтады.
Бүгінде Наурызбай ауданында 330-ға жуық шағын және орта бизнес нысаны бар. Олардың барлығы қазір карантин талаптарына сәйкес, штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
«Көптеген дүкендер бастапқыда әлеуметтік қашықтықты сақтамады. Антисептиктері болмады. Біздің мамандар дүкендерге нұсқаулықтар жүргізді. Айтылған нұсқаулықтар кезінде дүкен әкімшілігіне айыппұл салынды. Одан кейін заң бұзушылықтар анықталмады», – деді Наурызбай аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әнел Мусаева.
Наурызбай ауданы бойынша жұмыс істейтін мониторингтік топ қалада карантин енгізілгелі 680 рейд жұмыстарын жүргізген. Бас аяғы 408 кәсіпкерлік нысан иесіне айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылды. Ал санитарлық талапты ұстанатын кәсіпкерлер, ақырындап дәстүрлі жұмыс кестесіне көшіп жатыр.