Тұрғындар үшін маңызы зор нысандар мен іргелес аумақтарда да жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек
Алматыда қала символына айналған, тұрғындар үшін маңызы зор нысандар мен іргелес аумақтарда да жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Нәтижесінде шаһар ерекше көрікке ие болып, халық демалатын жайлы қоғамдық орындар саны артады. Шаһар басшысы ұсынған жобалармен Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы танысып қайтқан еді.
Қазақ көркем өнерінің ордасы Әбілхан Қастеев музейі айналасында жасыл желек отырғызылып, фонтан орнатылмақ. Келушілерге тартымды болуы үшін аумақ арт-нысанға айналмақ. Ал әкем театр айналасында ағаштар саны көбейіп, шығармашылық атмосфера жасау көзделіп отыр.
Ал, бұл – Алматылықтар жиі серуендейтін Байсейітов көшесі. Мұнда шаһардың көркі ерекше сезіле түседі. Жоспарланған жөндеу жұмыстарынан кейін бұл аймаққа қала алғаш құрылған кездегі тарихи келбеті қайтарылмақ.
Бұл көше жөндеу жұмыстарынан кейін көріктене түседі, серуендеушілерге қолайлы болады. Нақтырақ айтсақ, қиылысатын көшелер бойында қауіпсіз жаяу жүргіншілер жолы салынады, бүгінде қараусыз жатқан жасыл желектер абаттандырылып, көше бойындағы фонтан да жаңартылмақ. Одан бөлек, көше жиһаздары орнатылып, бірнеше арт-нысандар қойылады. Шаһар басшысының айтуынша, мұндай қайта құру және жөндеу жұмыстары қала көркін еселей түспек.
«Қаламыздың әуежайы жөндеуден өтейін деп жатқаны баршаға мәлім. Сол әуежайдан келген кез келген меймандар алдымен тауды көріп, сұлулығына тамсанады. Біздің мақсатымыз – осы жылы сезімді сақтап қалу. Яғни, шаһардың әр бұрышы абаттандырылған, таза, әдемі болуы керек. Сол үшін қаланы көріктендіру бойынша осындай жоспар құрып отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Оқушылар сарайының ғимараты бастапқы қалпын сақтай отырып жөнделеді. Сонымен қоса, мекеме айналасы абаттандырылып, жанындағы Терренкурмен жалғанатын болады. Ал шаһардың белді мәдениет ордасы саналатын Мемлекеттік мұражай айналасындағы жөндеу жұмыстарынан кейін бүгінде жұмыс істемей тұрған фонтандар іске қосылады. Бұл аймақтың бастапқы сәулеттік келбетін сақтап қалуға септігін тигізеді. Айта кету керек, әрбір жоба алматылықтардың қалауын ескере отырып әзірленген.
«Менің ойымша, көтеріліп отырған бұл бастама өте орынды. Қаланы көріктендіру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу тұрғындарға жайлылық сыйлайды деп санаймын. Қабылданған әр шешім алдымен тұрғындардың ой-тілегінен шығады. Кейіннен оның барлығы халықарарлық ұйымдар тәжірибесімен салыстырлып отырады. Осы ойымыздың барлығын жүзеге асырсақ, барша алматылықтарға өмір сүру әлдеқайда қолайлы бола түседі деген сенімдемін», – деді «Алматы бас жоспар» сәулет-жоспарлау бөлімінің басшысы Әділ Ажиев.
Айта кетейік, көгалдандыру және табиғи ландшафтты сақтау үшін 120 гектар жер берілді, бұл қала тұрғындары үшін жайлы орта құруға мүмкіндік береді. Қала басшысының айтуынша, 9 жаңа саябақ құру және үш жылда миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Жанар Ғаниқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы