|
15.07.2020 | 22:33
4297

Алматының Алмалы ауданында карантин талабын сақтамаған азық-түлік дүкені жабылды

Сауда орнында келушілер былай тұрсын, қызметкерлердің де бетпердесіз жүргені анықталды

Алматының Алмалы ауданында карантин талабын сақтамаған азық-түлік дүкені жабылды almaty.tv

Алмалы ауданында азық-түлік дүкендерінің бірінде санитарлық ережелер мүлдем сақталмаған. Қашанда келушілер үзілмейтін азық-түлік дүкені антисептик және тепловизор құралдарынсыз тұтынушыларға қызмет көрсетіп келді. Күшейтілген карантин кезінде қарапайым ережелерге бағынбаған мекеме иесін енді қандай жаза күтіп тұр? Almaty.tv  тілшісі Сымбат Ноғай анықтап қайтты.

Сауда орнында келушілер былай тұрсын, қызметкерлердің де бетпердесіз жүргені анықталды. Келушілердің қызуы өлшенбейді. Антисептик құралы мен медициналық масканың қоры да табылмады. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты, сауда нүктесінің жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді.

Ал мына сұлулық салонының келушілерді жасырын қабылдап жатқаны анықталды. Бас санитардың соңғы қаулысына сәйкес бұл орын 5 шілдеден бастап жұмысын тоқтатуы тиіс еді.

Әсемдік салоны карантиндегі қаулыға құлақ аспай, кәсібін жалғастырып отырған. Салон әкімшісі әу баста барлығын жоққа шығарғанымен, келушілерді бейнекамераға түсіріп үлгердік. Ал, заңнамаға сәйкес мекеме басшысына 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

«Алматы қаласының санитарлық бас дәрігерінің шыққан жаңағы 46-қаулысы бар. 5 шілдеді шыққан қаулысы бойынша сән салондары жұмыс жасамауы керек. Қазіргі кезде бұл қаулы орындалмай, тексеру кезінде сән салонының жұмыс жасап жатқаны анықталды», – деді Алмалы ауданы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының жетекші маманы Әсия Жұбаниязова.

Сондай-ақ, мониторингтік топ көлік жуу және көлік жөндеу орындарын да тексерді. Мекемелер барлық карантин талаптарына сай болғанымен, қарапайым ережелерді сақтамаған. Аталған орындардың басшыларына қатаң ескерту жасалды.

«39 әкімшілік-құқықбұзушылық бойынша шаралар қабылданды 425-бап бойынша. Оның 20-сы жеке тұлға. Дүкенде немесе автобустың ішінде маскасыз, режимді бұзғаны үшін. Ал, қалғаны кәсіпкерлер», – деді Алмалы ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Мақсат Бердиев.

Мамандардың айтуынша, қоғамдық орындарда бетпердесіз жүрген жеке тұлғаларға да бірден айыппұл салынады. Ал, карнатин күшейтілгелі бері Алмалы ауданы бойынша 1105 нысан тексерілген. Оның ішінде 28 мекеменің жұмысы тоқтатылды.

Сымбат Ноғай, Айдос Байназаров, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир