Айыппұлдың жалпы көлемі 2 млрд 329 миллион теңгеге жеткен
Қалада жол бойындағы бақылау камералары көбейді. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау үшін 120 мың бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бір ғана «Сергек» жүйесі арқылы қалада 360 мыңға жуық жол ережесін бұзғандар тіркелген. Айыппұлдың жалпы көлемі 2 млрд 329 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бөлме шағын болғанмен мұндағы қызметкерлерлердің атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Бұл жер жедел басқару орталығының жүрегі саналады. Себебі, қаланың кез-келген жерінде тіркелген жол апаты туралы қоңырау осында келіп түседі. Шамамен бір тәулікте «102»-ге хабарласушылар саны 150-ден асады екен. Жедел түскен қоңырауға тәртіп сақшылары қай кезде де сақадай сай.
«Осы автоматтандырылған жүйе бізге біраз қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, қазіргі жол бойында орналасқан камералар адамдардың бейнелерін ғана емес, сонымен қатар машинаның мемлекеттік нөмірін және ең маңызды сәттерді айнытпай жазып алуға болады», – деді қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бұдан бөлек, әр ауданда учаскелік пункттер орнатылған. Мұнда тәртіп сақшылары тұрғындар тарапынан келіп түскен қоңырауларға жауап беріп, олардың күні-түні қауіпсіздігін қадағалаумен айналысады. Олар таңғы сағат 08.00-ден кешкі 18.00-ге дейін демалыссыз қызмет етеді. Ал, түнгі уақытта жол-патрульдік полициялары кезекшілікте. Тұрмыстық мәселелер бойынша тұрғындар негізінен жергілікті инспекторларға жүгінеді.
«Бізге әр түрлі қоңыраулар келіп түседі. Отбасылық жанжалдар, көшедегі екі адамның қақтығысы, ішкілікке салынған адамдардың тәртіпсіздігі жайында қоңйыралуар жие қабылдаймыз. Беймезгіл уақытта тұрғындардың мазасын алғандарды дереу бөлімшеге әкеліп, әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылады», – деді Алмалы аудандық полиция басқарамасының инспекторы Сағидолла Сиязханов.
Қазір қала аумағында 120 000 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінге дейін осындай құрылғылардың көмегімен 3392 қылмыстық құқық бұзушылық анықталса, тағы 1090 қылмысты ізін суытпай ашуға мүмкіндік берілді. Жергілікті полиция қызметінде 572 учаскелік инспектор жұмыс істейді. Одан бөлек, 102 заманауи байланыс құралдарымен жабдықталған учаскелік полиция пункті бар.
Ұлғат Арғын