Қала күні қарсаңында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетілді

18.09.2021 в 03:43

Балалар мекемесінде қазір түрлі себеппен қиын жағдайға ұшыраған 3 пен 18 жас аралығындағы 60-тан астам бала бар

Almaty.tv

Бөтен бала болмайды! Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері қала күні қарсаңында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетті. Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығына үлкен теледидарды сыйға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv

Алдағы күндері медициналық шағын техника, киім-кешек жеткізбек. Балалар мекемесінде қазір түрлі себеппен қиын жағдайға ұшыраған 3 пен 18 жас аралығындағы 60-тан астам бала бар. Олар мұнда жарты жылға дейін уақытша тәрбиеленеді. 

«Біз Ассамблея мүшелері бүгін бөтен бала болмайды, олар жалғыз емес, біз оларды жақсы көреміз және олар үшін алаңдаймыз деген ұранмен келдік. Себебі балалар біздің болашағымыз, елімізді алға жетелейтін күш. Сондықтан Аналар кеңесінің жұмысы балаларымызды тәрбиелеу, жас аналарды дұрыс жолға бағыттау», – деді Қалалық ҚХАжанындағы аналар кеңесінің төрайымы Махинур Исраилова.

«Бұл балаларға біз жылда 2-3 рет келеміз. Бір жолыққанымызда,  үлкен теледидар сыйласаңыздар деген арманын жеткізген болатын. Бүгін алып келдік. Бұдан басқа да тілектерін орындауға тырысамыз, өйткені бұл біздің бала-шағамыз, еліміздің абыройын асқақтатын, Қазақстанның туын көкке көтеретін осы жас буынымыз», – деді Ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары  Долқунтай Абдухалил.