Алматыда ескі үйлерді сүру жұмыстары қалай жүріп жатыр

25.11.2021 03:49

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Akimat LIVE бағдарламасында тұрғындардың сұрағына жауап берді

Алматыда жұқпалы респираторлы вирусты инфекциясымен ауыратын адамдар саны былтырмен салыстырғанда үш есеге өскен. Тұмаумен ауырғандардың 60 пайызы балалар. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Аkimat LIVE бағдарламасында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Осыған орай қазір барлық сақтық шаралары жасалуы керек екенін атап өтті мегаполис басшысы. Оның сөзінше, биыл тұмауға қарсы 124 мың доза екпе алынған. Тағы қосымша 40 мың дозасына тапсырыс беріліпті. Сондай-ақ қала әкімі қалада эпидахуал тұрақты деді. Стационарға келіп түсіп жатқан пациенттер саны да азайған. Күнделікті 110-120 науқас тіркеледі.  

«Мысалы, Ресейде тіптен транспортқа QR кодсыз кіргізбей жатыр. Оның бәрі осы инфекцияның қайтадан өршуіне жол бермеу мақсатында жасалған. Сондай қиын жағдайға бармас үшін біз де вакцинаны салуды жеделдетуіміз керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ қала әкімі ескі үйлерді сүру мәселесі бойынша қойылған сұраққа жауап берді. Қала басшысының сөзінше, тұрғындардың бәрі келіспейінше, ескі үйдің орнына жаңа үй салуға рұқсат етілмейді деді. Бүгінде құрылыс ережесі де өзгергенін атап өткен жөн. Егер инвестор бұрын биік үй салуды жоспарлаған болса, қазір оған мұндай мүмкіндік берілмейді. Енді салынатын ғимараттың қанша қабат болатыны да маңызды. Бұдан бөлек, инвестор тұрғындарды уақытша үй-жайға көшіруі тиіс.  

«Қазір біз Реновация бағдарламасы бойынша тек Жетісу мен Түрксіб аудандарында жұмыс істеп жатырмыз. Тек осы екі ауданда ғана құрылыс жүргізіп жатырмыз. Қалған аудандардағы ескі үйді сүруге қатысты жобаның бәрі тоқтатылған», – деді Бақытжан Сағынтаев.