Биыл Алматының Әуезов ауданында 205 аула көріктендіріліп, 7 сквер жөнделеді

18.06.2020 03:54

Жұмысшылар «Жұмыспен қамту» жол картасы арқылы алынады

Almaty.tv

Биыл Алматының Әуезов ауданында 205 аула көріктендіріліп, 7 сквер жөнделеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ал жұмысшылар «Жұмыспен қамту» жол картасы арқылы алынады. Тек, «Ақсай-2» ықшам ауданында 3 бірдей аула жөндеуден өтіп жатыр. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Әуезов ауданы халқымен кездесуінде тұрғындар нақ осы көріктендіру мәселесіне ерекше көңіл бөлуді сұраған еді. Көп күттірмей, халық базынасы ескеріліп, шешім тапты.

Биылғы жылдың ақпан айында Әуезов ауданы халқымен кездескен шаһар басшысы мұндағы қордаланған мәселелерді тыңдап, оның шешілуіне септесетінін жеткізген еді. Кездесуде тұрғындар ауданда демалатын аймақтың аздығын айтқан.

БЛИЦ:

– Тұрғындар демалысы үшін гүл бақтарын ашуға бола ма?

–  Біздің ауданда адамдардың демалатын орны, не саябағы жоқ, не қарт адамдар отыратын арнайы орындар, орындықтар да жоқ.

«Өз аудандарына қандай жоба қажеттігін тұрғындардың өздері анықтауы үшін   «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша әр ауданға 500 млн теңгеден берілді. Гүл бақтары керек пе? Ұсыныс болса, соны жасайық», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Құрылысы 15 мамырда басталып, Ян Гейл әдісі бойынша салынып жатқан жаңа нысандардың бірі – 10-ықшам аудандағы жүргіншілер бульвары. Тұрғындардың қалауы бойынша жасалып жатқан шаруаға 287 миллион теңге бөлінген. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев абаттандыру жұмыстарымен өзі жеке танысып шықты.

«Біз 10-ықшам ауданда жүргіншілер жолынның құрылысын бастадық. Мұнда 2 балалар ойын алаңы мен 1 спорт алаңы салынады. Көшеде жарық бағандары, 45 орындық және қоқыс жәшіктері де қойылады. Бастысы ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары да жүргізілді», – деді құрылыс компаниясының атқарушы директоры Сергей Шакиров.

Осылайша, аудан тұрғындарының өтініші бойынша Сац атындағы балалар театрының аумағы да қайта жөнделіп жатыр. Оған 65 миллион теңге қаржы жұмсалады. Театр маңындағы субұрқақты жөндеу кезінде 32 жарық бағаны мен 50 орындық қойылмақ. Мұнда «Жұмыспен қамту» жол картасы аясында 44 маман еңбекпен қамтылған.

«Демонтаж барлығын жасап болдық. Асфальтін салдық, жол жиегін орнаттық. Енді қазір тек қана жарықтандырумен айналысып жатырмыз.  Енді шағын сәулет нысандарын  күтудеміз. Бір айдың көлемінде балалар алаңдары  келуі керек », – деді мердігер ұйымның директоры Нұрбол Нысанбаев.

БЛИЦ:

– Әзір ремонт жасап жатыр ғой, сол ертерек бітсе, балалар ойнайды, ары-бері жүреді, ата-аналары келеді.

– Өте көрікті жер. Меніңше, бұдан да әдемі болады.

Сондай-ақ, қазіргі таңда ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 7 скверге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық іс қала басшылығының бақылауында.

Сая Меңдеке, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы