Тұрғындар 21 қыркүйекте You tube желісіндегі «Алматы әуендері» арнасынан тамашалай алады
Қала күні қарсаңында Алматы қаласы әкімінің концерттік оркестрі ұйымдастырған шара онлайн форматта көрсетіледі. Мұрат Серкебаев жетекшілік ететін шығармашылық ұйымның өнері бүгін таспаға түсірілді, енді көзіқарақты көрермен концертті 21 қыркүйекте You tube желісіндегі «Алматы әуендері» арнасынан тамашалай алады.
«Біз енді мына өнер адамдары осындай пандемия кезінде жай үйде отырып жатқан жоқпыз. Халыққа қазіргі заманға, жағдайға байланысты осы интерактивте интернет арқылы өнерімізді көрсетіп, сол халық, әрине, біраз жарты жылдан асып кетті ғой. Сағынған шығар, біз де көрермендерді сағындық. Сөйтіп, осындай концертті ұйымдастырып жатырмыз. Рухани байлық керек, руханият керек. Үйде отырса да, интернетке, смартфонға кіріп, осы өнерді тамашалауға болады», – деді «Алматы әуендері» КМҚК көркемдік жетекшісі Бақтияр Тайлақбаев.
Ал оркестр солисі Жәмилә Серкебаева «көрермен ықыласын қатты сағындым» дейді. Айтуынша бәріміз жаңа жағдайға бейімделуіміз керек. Онлайн форматтағы мерекелік шаралар көрермен сағынышын басып, жақсы көңіл-күй сыйлайды деген сенімде.
«Шынымды айтсам, көрермен ықыласы жетіспейді. Мен оларды қатты сағындым. Ол бір ерекше энергетика ғой. Басымызға түскен бұл жағдайдан да өтеміз деп сенемін. Ал қазір сүйікті көрермендерге қашықтан болса да, өнер көрсете алатынымыз қуантады», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева