Қатысушылардың арасынан үздік шыққан 11 азаматқа тың идеяларын жүзеге асыру үшін қаржылай грант берілді
«3.2.1 Старт!» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Жастар бастамасын қолдауға арналған бұл сайыс елімізде осымен 6-шы жыл өтіп отыр. Жаңа маусымда бекітілген Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты даму мақсаттарына сай келетін тақырыптар бойынша жастардан 100-ден аса жоба келіп түскен, деп хабарлайды Almaty.tv
Қатысушылардың арасынан үздік шыққан 11 азаматқа тың идеяларын жүзеге асыру үшін қаржылай грант берілді. Олардың бірі алматылық Еркебұлан Ерсайынов аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған оқу орталығын ашуды ұсынды. Білім орнында күнделікті өмірде қажет «Қаржылық сауаттылық»,«Жыныстық тәрбие»,«Экофилософия» сынды пәндерді оқыту керектігін атап өтті. Осы идеясы үшін ол екінші орын алып, 2 миллион теңге жеңіп алды.
«Адамдар өз сауатсыздығынан несие алады немесе ерте жүкті болады. Венерологиялық аурудың таралуы адамның санасыздығынан пайда болады. Қазақстандағы танымал сарапшы Досым Сәтпаевтың айтуы бойынша«кедейлік Қазақстанда мұрагерлікпен беріледі». Яғни ата-анасынан балаға таралады. Сол циклді бұзу үшін ең негізгі шешім – білім беру», – деді «3.2.1 Старт!» республикалық байқауының екінші орын иегері Еркебұлан Ерсайынов.